Енді Қазақстанның барлық азаматы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан онкологиялық скринингтен өте алады. Биылдан бастап қатерлі ісіктерді ерте анықтауға арналған тексерулер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілді. Бұл жаңашылдық профилактикалық тексерулермен қамтылатын тұрғындар санын арттырып, қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, онкологиялық аурулардың басым бөлігі бастапқы кезеңде ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Сондықтан дәрігерлер аурудың алғашқы белгілерін күтпей, уақытылы профилактикалық тексеруден өтуді ұсынады.
Ләззат Қаукенова, Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының қоғамдық денсаулық сақтау дәрігері:
Онкологиялық скринингтің мақсаты – қатерлі ісікті ерте анықтау. Ауру ерте анықталса, емі жеңіл әрі тиімді болады. Қазіргі таңда онкологиялық скринингтер мемлекет есебінен қаржыландырылады. Яғни, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруына қарамастан барлық азаматтарға қолжетімді. Ол дегеніміз - сақтандырылмаған азаматтардың барлығы тегін өте алады.
Дәрігерлердің айтуынша, елде онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған бірнеше скринингтік бағдарлама жүзеге асырылады.
Ләззат Қаукенова, Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының қоғамдық денсаулық сақтау дәрігері:
Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған бірнеше скринингтік бағдарлама жүзеге асырылады. Жатыр мойны обырына қарсы скринингтен 30-70 жас аралығындағы әйелдер өте алады. Сүт безі обырын анықтауға арналған тексеру 40-70 жас аралығындағы әйелдерге жүргізіледі. Ал, тоқ және тік ішек обырының скринингі 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерге. Құрметті тұрғындар, егер сіз осы жас топтарына жатсаңыз, өз емханаңызға жүгініп, тегін онкологиялық скринингтен өтіңіз.
Скринингтен өту мүмкіндігі туралы ақпаратты азаматтар өздері тіркелген емханадан ала алады. Мамандар өңір тұрғындарын профилактикалық тексерулерден уақтылы өтіп, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Фатима Тілейханқызы