Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың жеке қабылдауында болған Глубокое ауданы Кожохово ауылының тұрғындары «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынған үйлердің сапасына шағымданған еді. Осыған байланысты өңір басшысы елді мекенге арнайы барып, тұрғындардың көтерген мәселелерімен танысып, жөндеу жұмыстарының барысын көріп қайтты. 

Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, Кожохово ауылындағы төрт тұрғын үйдің құрылысы 2024 жылдың жазында басталып, сол жылдың қараша айында пайдалануға берілген. Тұрғындар қоныстанғаннан кейін анықталған кемшіліктер кезең-кезеңімен жойылып келеді. Қазіргі таңда қабырғалар мен шатырдағы ақаулар түзетіліп, терезе мен есік конструкцияларының герметикалығы қалпына келтірілуде.

Ербол Ахмадиев, мердігер

Тұрғындардың айтуы бойынша, біз келіп, дұрыс емес нәрселерін жасап беріп отырдық. Әрқашан келіп отырамыз. Гарантия уақыты біткенше, біз ол жерге гарантия уақытына қарамай, капитальный ремонт жасап отырдық. Бұның стеналары кіреді, төбесі кіреді, сондай нәрселер ғана кіреді. Енді жарылу, сыну — солардың барлығын ретке келтіріп отырдық. Бәрін жөндеп бердік, төбесін ашып, қайтадан қалыңдатып, жылылап, ватамен жауып бердік. Енді бізде натяжной потолок дейді ғой сонысын тартып беріп береміз. Мебельдарды ары-бері жылжытқанда линолеум жыртылған екен, соны ауыстырып береміз. 

Облыс әкімі тұрғын үй сапасына қатысты мәселелер тұрақты бақылауда болуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындардың әрбір өтініші жедел қаралуы тиіс екенін айтты. Ол жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, орындалған жұмыстардың сапасын қамтамасыз етуді тапсырды. Анықталған барлық кемшіліктер толық жойылғанға дейін бұл мәселе бақылауда болады.

Кәусар Идаятқызы