Негізгі Жаңалықтар «Mongol rally» жарысы өз мәресіне жетті

«Mongol rally» жарысы өз мәресіне жетті

Өскеменде халықаралық «Mongol Rally» сайысының финалдық кезеңі өтті. Жаһандық додаға әлемнің 26 елінен 120 команда қатысты.Жүргізушілер қиын әрі ұзақ жолды еңсеріп, ақтық сынды мерекелік шерумен аяқтады.

Қатысушылардың ішінде Нидерланд, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, тіпті Австралиядан келгендер бар. Жолда кейбіреуінің көлігі бірнеше рет бұзылып, дөңгелектері жарылып, салқындатқыштары істен шыққан. Бірақ, саяхатшылар үшін дәл осы қиындықтар сөз болмады. 

Якуб Полытыло-Алувихаре, «Mongol Rally» қатысушысы (Польша):

Біз Польшаданбыз, Варшавадан бері көлікпен келдік. Жол бойында көлігімізде қиындықтар болды. Бірақ Қазақстанға келгенде бәрін ұмытып кеттік. Себебі халқы өте қонақжай екен Бізді қонақ етіп, қарсы алғандарыңыз үшін көп рақмет! Ал біздің саяхатымыз әлі жалғасады. Енді Алматыға, одан әрі Памир тасжолымен өтіп, осы көлікпен үйге қайтамыз.

Бір қызығы, мұнда кәсіби спорттық көліктер емес, қарапайым шағын машиналар жарыс жолына шыққан. Қатысушыларға бар болғаны екі талап қойылады: көлік көлемі шағын және ескі болуы тиіс. Бағыт біреу болғанымен, жету жолын әркім өзі таңдайды.

Бен Мартин, «Mongol Rally» қатысушысы (Финляндия):

Көлігімізді бір жыл бұрын арнайы осы сапарға дайындадық. Жолға шыққан сәттен бастап түрлі қызықты оқиғаларға тап болдық. Соған қарамастан, сапарымызды жалғастырып, Қазақстанға дейін жеттік. Жол бойында көптеген жаңа адамдармен танысып, әртүрлі елдердің мәдениетімен таныстық. Мұндағы табиғат пен адамдар бізге ерекше әсер қалдырды.

Автошабандоздарды көріп қала тұрғындары ерекше әсер алды. Биыл бұл шара облыс орталығында үшінші рет өтіп отыр.

Қарлығаш Куккузова, қала тұрғыны:

Мен бірінші рет халықаралаық раллиге келдім. Көрме де күшті. Маған бәрі ұнады. Керемет болды.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар Қазақстанды жаңа қырынан танып, жергілікті халықтың қонақжайлылығына тәнті болды. 

Бекарыс Секен


Бөлісу

Аймақтық телеарналар