98 жастағы ардагер дауыс берді
Еліміздің әр буын өкілдері өздерінің азаматтық таңдауын жасауда. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Головатюк те бар. Жасы ұлғайғанына қарамастан, ол белсенділік танытып, қоғамдық өмірге араласып келеді.
Михаил Головатюк қазір 98 жаста, қазан айында 99 жасқа толады. Алайда жасы ұлғайғанына қарамастан, ардагер белсенді өмір салтын ұстанып келеді. Бау-бақшада көкөніс өсіреді, көп кітап оқиды және жаңалықтардан үнемі хабардар болып отырады.
Михаил Головатюк, ҰОС ардагері:
Қазір жаңа Конституция бойынша дауыс беріп жатырмыз. Жақсы өмір үшін, Қазақстанның тұрақты мемлекет ретінде болашағы үшін дауыс береміз. Әрине, халықтың игілігі үшін. Баршаңызға амандық тілеймін.
Михаил Головатюк дәстүрлі түрде сайлауға қатысып келеді. Сонымен қатар, күнделікті өмірде де белсенділігін жоғалтқан емес.
Рахима Тоқжігітова, Өскемен қ. әкімдігінің АБО №8 филиалы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Ол бізде әлі де тың, қазан айында 99 жасқа толады. Келесі жылы 100 жасқа толмақ. Соған қарамастан, әлі де сергек. Бау-бақшасымен айналысады, жалғыз тұрады, ал балаларының барлығы бөлек тұрады. Соған қарамастан, әлі күнге дейін бақшасына қызанақ егіп, бау-бақшасын күтіп-баптайды. Қара жердің өзі оған өмір сыйлап жатқандай деуге болады. Сонымен қатар, ол көп оқиды, белсенді, жаңалықтардың бәрінен үнемі хабардар.
Михаил Головатюк өмірінде еліміз тарихындағы талай өзгерістің куәсі болды. Бүгін де ол Қазақстанның болашағы үшін өз таңдауын жасады. Ардагер үшін сайлауға қатысу – өз ұстанымын білдіріп, мемлекеттің дамуына өз үлесін қосу маңызды.
Салтанат Кеңесбекқызы