Негізгі Жаңалықтар Алғашқы таңдау - маңызды қадам

Алғашқы таңдау - маңызды қадам

Өңір тұрғындары бүгін сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасауда. Олардың қатарында дауыс беру құқығын алғаш рет пайдаланып отырған жастар да бар. Олар үшін бұл – азаматтық ұстанымын білдіретін маңызды күн.

№44 сайлау учаскесінде таңертеңнен бері тұрғындардың белсенділігі байқалады. Сайлаушылар өз таңдауларын жасау үшін учаскеге келіп, дауыс беруде. Олардың арасында сайлау құқығын алғаш рет пайдаланып отырған жастар да бар.

Анна Уткина, №44 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:

Сайлау учаскесі уақытында ашылып, комиссия толық құрамда жұмысын бастады. Таңғы сағат тоғыздар шамасында сайлаушылардың белсенділігі арта түсті. Азаматтардың дауыс беруге белсенді қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымын білдіріп жатқаны қуантады. Дауыс беру үдерісі штаттық режимде өтіп жатыр. Учаскеге ТМД елдерінен халықаралық байқаушылар да келіп, сайлау барысын бақылауда. Қазіргі таңда заңбұзушылықтар тіркелген жоқ. Сайлау учаскесінің жұмысы белгіленген тәртіпке сай жүргізілуде.

Дауыс беру барысын үш байқаушы бақылауда ұстауда. Олар сайлау учаскесінде белгіленген тәртіптің сақталуын қадағалап, дауыс беру үдерісінің ашық әрі талапқа сай өтуін бақылауда. Басты назар – әр сайлаушының өз таңдауын еркін әрі дербес жасауына мүмкіндік берілуіне аударылған. 

Диас Мұхтаров, «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының байқаушысы:

Бүгінгі сайлау сағат 7 де басталды. Басталғаннан бері құқық бұзушылық байқалған жоқ. Барлығы тыныш. Ешқандай жайыттар болған жоқ.

Жастар үшін бүгінгі дауыс берудің маңызы ерекше. Сайлау бюллетенін алғаш рет алған олар өз таңдауын жасап, елдің қоғамдық өміріне белсенді араласуға қадам басуда. Осылайша, олар өздерін тек мектеп оқушысы немесе студент ретінде ғана емес, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын толыққанды сайлаушы ретінде танытып отыр.

Илья Романенко, қала тұрғыны:

Бұл – менің алғашқы дауыс беруім. Өз таңдауым арқылы елімнің, туған қаламның дамуына аз да болса үлес қосқым келеді. Соңғы жылдары Өскеменнің қарқынды дамып, жаңа нысандардың бой көтеріп, инфрақұрылымның жақсарғанын көріп жүрміз. Сондықтан бүгінгі таңдауымның маңызды өзгерістерге ықпал ететініне сенемін.

Сайлау учаскелеріндегі дауыс беру барысы жалғасуда. Ал бүгін алғаш рет бюллетень алып, өз таңдауын жасаған жастар үшін бұл күн – ел өміріне араласқан алғашқы қадам, азаматтық жауапкершіліктің бастауы.

Нұртас Қайролдаев

Бөлісу

Аймақтық телеарналар