Негізгі Жаңалықтар Жаңа салық кодексі түсіндірілді

Жаңа салық кодексі түсіндірілді

Облыс орталығында жаңа салық кодексінің талаптарына арналған баспасөз конференциясы өтті. Жиында салық төлеушілер үшін маңызды өзгерістер мен оларды қолдану тәртібі түсіндірілді. Мамандар кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардың жиі қоятын сауалдарына жауап беріп, қолданыстағы талаптарды сақтау жолдарын атап өтті. Сондай-ақ азаматтарды декларациялау талаптарын орындау тәртібі мен мерзімдері таныстырылды.

Жаңа Салық кодексінің талаптарын түсіндіру және салық төлеушілердің өзгерістерге бейімделуіне жағдай жасау – баспасөз конференциясында көтерілген негізгі бағыттардың бірі. Мамандар кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға қатысты өзекті нормаларға тоқталып, арнаулы салық режимдерін қолдану тәртібі мен қойылатын арнайы талаптарды түсіндірді. Сонымен қатар жалпыға бірдей декларациялау мәселесіне де басты назарда екенін жеткізді.

Роза Сейілханова, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы және Байланыс орталығы басқармасы басшысының м.а:

Әрбір салық төлеушінің өз құқықтары мен міндеттерін нақты түсініп, жаңа нормаларды іс жүзінде дұрыс қолдана білуі маңызды. Бүгін ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері кәсіпкерлер мен азаматтар жиі кездесетін өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі және бақылау-касса машиналарын қолдану өнімдерді лицензиялау, сондай-ақ жалпыға бірдей декларациялау мәселелері түсіндірілді. 

Жалпыға бірдей декларациялау аясында биыл декларация тапсыруға міндетті азаматтар санаты да нақтыланды. Шығыс Қазақстанда 28 мың 599 салық төлеуші декларация ұсынуы тиіс, оның ішінде 9 мың 939-ы – жұбайлар. Қазіргі таңда 8 мың 478 азамат құжаттарын тапсырған, бұл жалпы міндеттілердің 29,6 пайызына тең.

Роза Сейілханова, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы және Байланыс орталығы басқармасы басшысының м.а:

ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жеке тұлғалардың декларация тапсыру мерзімі 15 қыркүйекте аяқталатынын еске салады. Активтері мен міндеттемелері туралы 250-нысан бойынша, сондай-ақ кірістері мен мүлкі туралы 270-нысан бойынша декларация тапсыру міндеті бар жеке тұлғалар құжаттарын белгіленген мерзімде ұсынуы қажет. Декларация жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша тапсырылады. 

Салық органдары азаматтарды декларация тапсыру мерзімін сақтауға шақырады. Құжаттарды тұрғылықты жері бойынша 15 қыркүйекке дейін ұсыну қажет. Декларацияны e-Salyq Azamat, eGov Mobile, Kaspi.kz қосымшалары арқылы немесе салық төлеушінің кабинеті арқылы электронды түрде тапсыруға болады.

Бекарыс Энгельс 


Бөлісу

Аймақтық телеарналар