Көмір қамы қыза түсті
Күннің суытуына әлі уақыт бар болғанымен, қысқы қам қазірден басталған. Әсіресе жеке үйлерде тұратын тұрғындар үшін отынның жеткілікті болуы маңызды мәселе. Сондықтан шаһардағы көмір сату орындарында маусым басталмай жатып-ақ қызу жұмыс жүріп жатыр.Қазір тұрғындар қысқы отынын алдын ала қамдап, көмірдің бағасы мен сапасын салыстырып, өздеріне қажетті мөлшерін алуға асығуда. Ал сату орындарында көмір қоры толықтырылып, халықтың сұранысын қамтамасыз етуге дайындық жүргізілуде.
Бүгінде шаһардағы көмір тұйықтары арқылы 62 мың тонна көмір өткізілген. Бұл жалпы қажеттіліктің 40 пайызын құрайды. Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұрғындарды көмірмен тұрақты әрі уақытылы қамтамасыз ету үшін қор көлемі күн сайын бақылауда. Көмір сату орталықтарында қалдық мөлшері ғана емес, жолдағы және жаңа жеткізілетін отын көлемі де назардан тыс қалмайды. Бұл маусым қызған кезде тапшылыққа жол бермеудің басты тетіктерінің бірі.
Әмина Құрманжанқызы, Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында Өскемен қаласында халыққа әлеуметтік көмірмен қамтамасыз ету бойынша үш жақты меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес тұрғындарды 30 мың тонна көмірмен қамту жоспарлануда. Бұл қаладағы үш көмір тұйығы арқылы жұмыс жасалады. Яғни қазіргі таңда көмірдің бағасы, әлеуметтік көмірдің бағасы қара жыра тас көмірі 17 мың 400 теңге тоннасы және де майкүбі көмірі 17 мың 500 теңге тоннасына. Әлеуметтік көмір коммерциялық бағадан 500 теңгеге төмен бағамен сатылуда.
Көмірдің бағасы мен сапасын салыстырып, алдын ала қамданған тұрғындардың да қарасы қалың. Тұтынушылардың айтуынша, көмірді ертерек сатып алу қысқы дайындықты уақытылы аяқтап, маусым кезіндегі әбігерден арылудың бір жолы. Олардың сөзінше, биыл көмір бағасында айтарлықтай өсім байқалмайды. Яғни айырмашылық қатты сезілмейді дейді, тұрғындар.
Сатыбалды Дутпаев, қала тұрғыны:
Осы жердің тұрақты клиентімін, көмірді осы жерден аламыз көмір жалпы жаман емес жақсы. Жақсы келіп жатыр бағасы да қол жетімді. Жеңілдіктері де қарастырылған. Зейнеткерлерге, Ауғанстан ардагерлеріне, соғыс ардагерлеріне жеңілдіктер қарастырылған. Бағасы көңілге қонымды. Осы жерден аламыз көмірді. Былтырғымен салыстырғанда көп өзгеріс жоқ, сол былтырғы баға деуге болады көп қымбаттаған жоқ ешқандай.
Облыс тұрғындары мен заңды тұлғаларды көмірмен қамтамасыз етумен алты көмір тұйығы айналысады. Шаһар тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындардың бірі «Сейком» ЖШС. Орталық басшысының айтуынша, мұндағы көмір «Қаражыра» кен орнынан жеткізіледі. Сұраныс артқан жағдайда қорды қайта толықтыруға мүмкіндік бар.
Николай Кондратьев, «Сейком» ЖШС директоры:
Қазіргі уақытта әлеуметтік және коммерциялық көмір бойынша тиеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бүгінде қоймада 2,5 мың тонна көмір бар. Сұраныс көлемінде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Қалай сұраныс болса, қазір де сол деңгейде сақталып отыр. Сату көрсеткіштеріне күнделікті талдау жүргіземіз. Жалпы, жыл сайын бекітілетін жоспарымыз бар, сол жоспарға сәйкес жұмыс істеп келеміз. Қазіргі таңда ешқандай мәселе жоқ. Мәселен, дәл қазір 17 вагон көмір жеткізілді, оның бір бөлігі әлі станцияда тұр. Көмір жеткізілімі күн сайын жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта ешқандай іркіліс немесе үзіліс жоқ.
Ал көмірді тұрғылықты мекенжайға жеткізу негізінен тұтынушының өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Көмір тұйықтарында жеткізу қызметін көрсететін тұлғалардың байланыс деректері де ұсынылады. Осылайша тұрғындар өзіне қажетті көмірді алып қана қоймай, оны үйіне жеткізу мәселесін де алдын ала ұйымдастыра алады. Ең бастысы тұрғындар да қысқа қалмай, қажетті отынды алдын ала қамдап алса болғаны. Өйткені қыс күтпейді, қамданған ұтылмайды
Нұрдәулет Қалибеков