Әуежай мен теміржол вокзалдарындағы қауіпсіздік
Әуежайлар мен теміржол вокзалдары жыл сайын миллиондаған жолаушыға қызмет көрсетеді. Сондықтан мұнда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – полиция қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі. Тәртіп сақшылары тәулік бойы кезекшілік атқарып, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық шараларды жүзеге асырады.
Өскемен-1 станциясынан күн сайын мыңдаған жолаушы мен жүздеген пойыз өтеді. Елдің түкпір-түкпірін жалғайтын теміржол – стратегиялық маңызы бар көлік нысаны. Сондықтан мұндағы қауіпсіздік мәселесі әрдайым ерекше бақылауда.
Арайлым Есенғалиева, Өскемен-1 станциясындағы Көліктегі полиция бөлімі патрульдік полиция тобының полицейі:
Біздің жұмыстың басты міндеті көлік обектілеріндегі құқық бұзушылықтың долын кесу, алдын алу. Соған орай полицийлер көмегімен, полициямен поездға жақын орналасқан мекетптерде лекция өткізіледі. Жадынамалар таратылады. Сонымен қатар поезд ішіндегі күзету жасағымен, дауыс белгісімен хабарламалар жасалады. Ол кезде де жадынамалар таратылады.
Дегенмен қабылданып жатқан шараларға қарамастан, теміржолдағы қауіпсіздік талаптарын елемейтіндер әлі де кездеседі. Салдарынан пойыздардың қозғалысына қауіп төндіретін жағдайлар орын алып жатыр. Биылғы жылдың алғашқы алты айында ғана қызмет көрсету аумағында пойыздардың 35 рет жедел тоқтау дерегі тіркелген. Оның 20-сы теміржолға иесіз малдың шығып кетуінен болса, 15 жағдайда азаматтар теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өткен. Мұндай заңбұзушылықтар теміржол қозғалысының қауіпсіздігіне кері әсер етіп қана қоймай, адам өміріне де үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан көлік полициясы тұрғындарды теміржолдан тек арнайы өткелдер арқылы өтіп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Ілияс Өмірғазы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Өскемен жол дистанциясының еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі жетекші инженері:
Біздің жол дистанциясы Шемонаиха стансасынан Ридер стансасына дейінгі теміржол учаскесіне қызмет көрсетеді. Осыған байланысты Өскемен-1 стансасындағы желілік полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеміз. Теміржолға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарымен, сондай-ақ теміржолды рұқсат етілмеген жерлерден кесіп өтетін аумақтарда түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – жазатайым оқиғалардың алдын алып, азаматтарға қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіру. Жыл басынан бері қауіпті саналатын 10 орынға «Абайлаңыз, пойыз!» деген ескерту белгілері орнатылды.
Теміржолдағы қауіпсіздікпен қатар, жолаушылар көп шоғырланатын әуежайларда да құқық қорғау қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Мұнда қоғамдық тәртіпті сақтау, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу – басты міндеттердің бірі.
Бақытжан Қалымбетов, Өскемен қ. әуежайындағы көліктегі полиция бөлімшесінің бастығы:
Күнделікті жұмыста біз қоғамдық орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз. Келіп кетуші жолаушылар арасында. Сол себепті күнделікті патрульдік нарядтар арасында іс шаралар атқарып жатырмыз. Қазіргі таңда былай санаған кезде көрсеткіштеріміз қылмыстың алдын алуға бағытталғанға байланысты ұдайы өсіп отыр. Бүгінгі таңда 575 тұлға әкімшілік құқықбұзушылыққа тартылды. Олардың ішінде айыппұл шамасының өзі 300-ге жуық жолаушылар. Көбінде кездесетін жағдайлар- ұсақ бұзақылық. Қоғамдық орындарда алкогольді ішімдіктер ішу және заңсыз орындарда темекі болмаса электронды темекілерді тұтыну болып табылады.
Қауіпсіздік шаралары тек полиция қызметкерлерінің жұмысына ғана емес, жолаушылардың өз жауапкершілігіне де байланысты. Мамандар азаматтарды қауіпсіздік талаптарын сақтап, күмәнді жағдайлар байқалған жағдайда бірден тиісті қызметтерге хабарлауға шақырады.
Кәусар Идаятқызы