Негізгі Жаңалықтар Таза Қазақстан: Журавлиха жағалауы қоқыстан тазартылды

Таза Қазақстан: Журавлиха жағалауы қоқыстан тазартылды

Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Риддер қаласындағы Журавлиха өзенінің жағалауы қоқыстан тазартылды. Игі бастамаға 150-ден астам адам қатысып, үш арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 4 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Табиғаты туристердің назарына іліккен бұл аумақ – Риддер қаласы тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Жуырда экологиялық акция аясында Журавлиха өзенінің жағалауын тазарту жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қоршаған ортаны таза ұстаумен қатар, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді. 

Айнагүл Құстаева, медиатор:

Біз өзен жағалауын қоқыстан тазалау мақсатында арнайы келдік. Бұл өзеннің жағалауында Риддер тұрғындары демалады. Сондықтан барлық демалуышыларға айтарым демалыстан кейін қоқыстарыңызды шашып кетпей жинап жүрсеңіздер. 

Жастар да игі бастамадан шет қалмай, туған қаланың тазалығына өз үлестерін қосты.

Ислам Уақанов, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының мүшесі:

Таза қазақстан акциясы аясында біз өз командамызбен келіп, өз еліміз бен қаламыздың таза әрі әдемі болуына атсалысудамыз. 

Тазалық жұмыстарына қала тұрғындарымен қатар еріктілер, жастар және түрлі ұйымдардың өкілдері қатысты. Бірі қоқысты жинаса, енді бірі оны арнайы техникаға тиеп, белгіленген орынға жөнелтті. 

Қанат Оралбек, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:

Барлығы сенбілікке 150 астам адам қатысып отыр. Үш бірлік техника жұмылдырылды. Жалпы бүгінгі шараның негізінде 4 тоннадан аса қоқыс осы жерден тазаланды. 

Мұндай акциялар бір күндік тазалықпен шектелмей, тұрғындардың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Өйткені, табиғатты қорғау – ортақ жауапкершілік. Басты мақсат – қоршаған ортаны қорғап, туған өлкенің тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Салтанат Кеңесбекқызы

Бөлісу

Аймақтық телеарналар