Аймақ басшысы жас офицерлермен кездесті
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жас офицерлермен кездесті. Басқосуға ҚР ҰҚК Шекара академиясын және Ресейдің жоғары әскери оқу орындарын тәмамдаған 19 жас маман қатысты. Кездесу барысында мемлекеттік шекараны күзетудің маңызы, әскери қызметтегі тәртіп пен жауапкершілікке назар аударылды. Сондай-ақ, бұл жас мамандардың қызмет жолына сәтті бастама беріп, олардың кәсіби міндеттерін абыроймен атқаруына бағыт-бағдар болды.
Шекара қызметіне енді қосылған жас офицерлер үшін алғашқы қадам– аса жауапты кезең. Бірнеше жылдық әскери дайындықтан өткен мамандар енді алған білімдерін нақты қызметте шыңдайды. Олардың екеуі Ресейдің жоғары әскери оқу орындарын тәмамдаса, 17 лейтенант ҚР ҰҚК Шекара академиясының түлегі.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Еліміздің, мемлекетіміздің бас қолбасшысы, президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрдайым қарулы күштер саласына, оның ішінде осы жауынгерлердің өзінің даярлықтарын әрдайым жоғары ұстауға ерекше назар аударып, тиісті тапсырмаларын беріп келе жатыр. Сіздер қай жерде жұмыс жасасаңыздар да адал болуға, қандай да бір шешім қабылдаған кезде батыл болуға, ал еліміздің мәртебесіне келген кезде таза болуға тиіссіздер.
Кездесуде жас мамандарға өңірдегі әскери қызметтің маңызы да түсіндірілді. Жас лейтенанттар алдағы уақытта Күршім және Зайсан аудандарындағы шекара басқармаларында жұмыс атқарады. Бұл – олардың кәсіби жолындағы жаңа кезең әрі алған теориялық білімін тәжірибемен ұштастыратын жауапты міндет.
Аслан Төрениязов, ҚР ҰҚК шекара академиясының түлегі:
Бүгін ШҚО әкімімен кездесу өтті. Бұл кездесуде бізге үлкен жауапкершілік және сәттілік тіледі. Яғни, менің офицерлік жолымның басталуына үлкен серпіліс берді десек те болады. Сол себепті алдағы уақытта ШҚО шекарасын, яғни елімнің шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында абыроймен қызмет атқаруға дайынмын.
Жаңа буын офицерлерінің қатарында шекара қызметінен бөлек, әскери бағыттағы өзге де мамандықтарды меңгерген түлектер бар. Солардың бірі – биыл Ресейдегі Кеңес Одағының Маршалы С.К. Тимошенко атындағы Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскери академиясын тәмамдаған Қалиасқар Батырбекұлы. Жас маман енді алған білімін ел қауіпсіздігі жолындағы қызметінде қолданбақ.
Қалиасқар Батырбекұлы, Кеңес Одағының Маршалы С.К. Тимошенко атындағы Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскери академиясының түлегі:
Оқуымды биыл 2026 жылы тәмәмдадым. Қазіргі уақытта өз қызметімді бастауға толық дайынмын. Болашақта өзім айта кеткендей еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне үлес қосып, офицерлік қызметті, жалпы әскери қызметті жоғары деңгейде танып, білгім келеді.
Өңір үшін білікті әскери мамандардың орны бөлек. Кездесуде облыс әкімі жас офицерлерге қызмет жолындағы алғашқы қадамдарында сәттілік тілеп, олардың кәсіби әлеуетін шыңдауға қолдау көрсетілетін айтты.
Бекарыс Энгельс