Дара Абайдың даналығы дәріптелді
Шығыс Қазақстан сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы мен облыстық мәдениет басқармасы Тілдерді дамыту және ономастика бөлімі бірлесіп, «Абай мұрасымен мәңгілікке» атты шара өткізді. Тағылымды басқосудың негізгі мақсаты – қазақтың ұлы ақыны, ойшылы әрі ағартушысының әдеби мұрасын, философиялық ой-толғамдарын кеңінен насихаттау.
Басқосу барысында біртуар тұлғаның шығармашылығы жан-жақты сөз болып, ақынның өлеңдері оқылып, тағылымды ойлары ортаға салынды. Жиынға дәстүрлі домбыра орындаушылары, Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу шеберлері мен абайтанушы ғалымдар қатысты. Бұдан бөлек, филология ғылымдарының докторы Айжан Қартаевада ұлы ақынның ұлылығын ұлықтап, оның қалдырып кеткен ізі болашақ ұрпаққа азық екенін жеткізді.
Айжан Қартаева, филология ғылымдарының докторы:
Мұндай шаралардың барлығы көптеп ұйымдастырылуы қажет. Ел президенті ҚасымЖомарт Тоқаев өз сөзінде Абайдың мерекесінде немесе Абайдың күнінде ғана еске алуымыз қажет емес, күнделікті Абайдың ілімін біз бүгінгі ұрпақ үнемі айтып қайталап, отыруымыз керек. Абайдың Әл-Фарабидың Яссауидің ілімдерін бүгінг ұрпаққа жеткізуіміз керек деп айтқан. Соның ішінде барлық білім беру мекемелеріне адал азамат тұжырымдамасы енгізіліп жатыр, сол адал азамат тұжырымдамасы Абайдың толық адам негізінде жатыр.
Кеш барысында Абайдың әндері мен күйлері орындалып, ұлттық өнердің үні жаңғырды. Қатысушылар арасында викторина ұйымдастырылып, ұлттық ойындар ойнатылды. Осы орайда аталған мекеме қызметкерлері де өтетін шаралардың мән мағынасының тереңдігін, келушілерге тағылымды дүниелер сыйлайтынын айтты.
Назым Рахиева, Облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының бөлім басшысы:
Іс-шара әрине жыл сайын ұйымдастырылады айырмашылығы яғни локациясының өткізілетін жерінің әр түрлі болуы. Кей жылдары біз сол жағалау кешенінде өткіземіз ол жерде этно ауылда жидебайда орналасқан Абай үйнің репликасы яғни көшірмесі бар. Қандай жерде қандай локацияда қандай форматта өткізілгеніне қармастан ең басты мақсат біздің ұлы тұлғамыздың бейнесін, ұлы тұлғамыздың шығармашылығын, қалдырған мұрасын жеткізу, көрсету.
Абайды тану – халықты тану, Абайды оқу – адамды тану. Сондықтан ұлы ақынның мұрасын мәңгі есте қалдыру өткенді дәріптеу ғана емес, келешекке кемел жол көрсету. Абай сөзі ұрпақпен бірге жасай бермек, ал оның тағылымы ел жадында мәңгілік сақталмақ. Абай ұлт руханиятының шамшырағы, қазақ ойының темірқазығы, даналықтың дара жолын көрсеткен ұлы ойшыл. Тау тұлғаның есті естеліктері уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа рухани бағдар болып қалары хақ.