«Ұлы Абайдың мұрасы – ұрпаққа аманат» байқауы
Облыс орталығында ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 181 жылдығына арналған байқау өтті. «Ұлы Абайдың мұрасы – ұрпаққа аманат» атты мәдени шараға қала мектептерінің ұстаздары қатысып, ақын шығармашылығын поэзия, музыка және театр өнері арқылы көпшілікке ұсынды. Қатысушылар өз өнері арқылы Абайдың әдеби мұрасын жаңаша танытып, оның тағылымды ойларын көрерменге жеткізді.
Ашық аспан астындағы «Амфитеатр» сахнасында өткен байқауға 30-дан астам ұстаз қатысты. Қатысушылар ұлы ақынның шығармашылығын әр қырынан танытуға мүмкіндік алды. Мәдени шарада әдеби мұра мен сахналық өнер тоғысып, көрермен ақын шығармаларын жаңа қырынан тамашалауға мүмкіндік алды.
Альмира Қабидолдина, Өскемен қ. білім бөлімінің әдіскері:
Бұл шара былтырғы жылда да, алдыңғы жылда да, міне бүгінгі күнге дейін де өтіп жатыр. Шараға қала мектептерінің филологтары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерінің барлығы қатысып отыр. Былтырғы қатысушыларға қарағанда, биыл шараға қатысушылардың саны едәуір артқан. Бұл деген сөз- Абайды ұлықтау, Абайдың шығармаларын дәріптеу , Абайдың шығармаларын жас ұрпаққа насихаттау шаралары жылдан жылға өрісін кеңейтіп келе жатыр деп есептеледі.
Байқаудың ерекшелігі – Абай мұрасын бір ғана орындаумен шектемей, түрлі шығармашылық бағыт арқылы ұсыну. Сахнада ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқылып, оның сөзіне жазылған әндер орындалды. Ал сахналық қойылымдарда ойшылдың адамгершілік, білім мен тәрбиеге қатысты көзқарастары көрініс тапты.
Маржан Мұратбекқызы, байқауға қатысушы:
Бұл іс-шара жалпы қазақ еліне өзінің үлкен орыны бар, маңызы бар шараның бірі деймін. Бұл шараның өтуі қалалық білім беру бөлімінің басшылығымен өтіп жатқан іс-шара. Бұл іс-шараға 30-дан артық ұстаздар қатысқалы жатыр. Әркім әртүрлі жанрда өздерінің өнерлерін көрсететін болады. Ән жанры, Абай атамыздың қара сөздерінен, өлеңдерінен және өлеңдеріне жазылған әндерін шырқайтын болады.
Ұлы ақынның шығармаларын сахна арқылы таныту ұстаздардың шығармашылық ізденісін де байқатты. Әсіресе, Абайдың тағылымға толы ойларын қазіргі көрерменге жеткізуге мән берілді. Осы арқылы ақын мұрасының уақыт өткен сайын өзектілігі артып, оның шығармаларының тәрбиелік мәні тағы бір мәрте айқындалды.
Мұратхан Месейханұлы, байқауға қатысушы:
Абай қазақ даласындағы алғашқы ағартушылардың, ұстаздардың бірі. Абайдың өлеңдерінің дені, қара сөздерінің барлығы дерлік жақсылықты үйренуге, жамандықтан жиренуге бағытталған. Тек алдындағы оқушыны ғана емес, бүкіл адамзатты, бүкіл ұлтты, дұрыс жолға салуға бағытталған, керемет тәрбиенің қайнар көзі- Абайдың шығармашылығы.
Абай шығармашылығын арқау еткен бұл мәдени бағдарлама ұстаздар мен көрерменді ұлы ақынның мұрасын қайта зерделеуге үндеді. Өлеңі мен әні, қара сөзі мен қойылымы арқылы ақынның рухани мұрасы жаңғыра түсті. Ал оны кейінгі ұрпаққа жеткізу – бүгінгі буынның жауапкершілігі.
Бекарыс Энгельс