Құрылыс саласындағы өзекті мәселелер бақылауда
Облыста құрылыс саласындағы заңнаманың орындалуына бақылау күшейтілді. Биыл 1 шілдеден бастап елімізде жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Құжат құрылыс жұмыстарын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды күшейтіп, заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейді. Жаңа талаптар қандай? Заң бұзған құрылыс компанияларына қандай шаралар қолданылады? Тілші материалында.
Кез - келген құрылыс ең алдымен құжаттан басталады. Іске кіріспес бұрын тапсырыс беруші жер учаскесіне қатысты құжаттарды рәсімдеп, барлық рұқсаттарды алуы шарт. Бұдан бөлек, жобалық құжаттама, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы болуы тиіс. Осы талаптар толық орындалғаннан кейін ғана құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат етіледі.
Самат Қайырдинов, ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары:
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заң талаптарын бұзғаны үшін 100-ден 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Кейбір жағдайларда лицензиялардың, аттестаттар мен рұқсат құжаттарының қолданылуы тоқтатылуы немесе олардың күші жойылуы мүмкін. Ал аса өрескел заң бұзушылықтар анықталса, сот шешімімен нысанды бұзу мәселесі де қаралады. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының негізгі мақсаты – айыппұл салу емес. Ең бастысы – заң бұзушылықтардың алдын алып, құрылыс нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау.
Өңірде құрылыс саласындағы заң талаптарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Биылғы жылдың басынан бері жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде 261 әкімшілік іс қозғалды. Өскеменде құрылысы кешеуілдеген немесе уақытша тоқтап қалған бірнеше тұрғын үй кешені бар. Әрбір нысан бойынша жеке жұмыс жоспары әзірленіп, сараптамалар жүргізіліп, сот процестері қолға алынған. Сондай-ақ жаңа инвесторлар мен мердігер ұйымдарды тарту бағытында жұмыстар жалғасуда.
Самат Қайырдинов, ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары:
«Diamond» тұрғын үй кешені бойынша үлескерлердің қаражатын тартуға заңды түрде рұқсат берілген болатын. Алайда құрылыс мерзімінің созылып кетуіне байланысты кепілдік жағдайы туындап, нысан құрылысын аяқтау міндетін «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» өз мойнына алды. Қазіргі уақытта құрылысты аяқтау жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шықты. Жобаға қажетті түзетулер енгізіліп, мердігер ұйым мен инвестор анықталды. Бүгінгі таңда тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өңірдегі өзге де нысандар бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Әрбір мәселенің шешілу барысы мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында. Үлескерлердің құқықтарын қорғау мақсатында ведомствоаралық комиссия құрылған. Сонымен қатар, әкімдік пен жауапты мемлекеттік органдар тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, қабылданып жатқан шараларды түсіндіруде. Әрбір тұрғын үй кешені бойынша жеке іс-қимыл алгоритмі әзірленген.
Гүлдана Айдарқызы