Құрылтай – тарихи дәстүрдің жалғасы
Құрылтай – қазақ халқының тарихи жадында ерекше орын алатын ұғым. Ежелден түркі және моңғол халықтарында ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыланған үлкен жиын ретінде белгілі болған. Мұнда хандар сайланып, соғыс пен бейбітшілік, елдің көші-қоны мен қоғамдық тәртіпке қатысты шешімдер қабылданған. Қазақ тарихында да құрылтайдың орны айрықша. Елдің игі жақсылары бас қосып, маңызды мәселелерді ортаға салған. Бұл – халықтың бірлігін бекемдеп, ортақ шешімге келудің дәстүрлі үлгісі.
Марианна Дячук, ЖОО Құқықтану кафедрасының профессоры:
Бүгінде «Құрылтай» ұғымы тарихи мәнімен қайта жаңғырып, елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды институттардың біріне айналып отыр. Ежелгі дәуірлерде соғыс пен бейбітшілік, елдің көші-қоны, заң қабылдау және өзге де маңызды мәселелер құрылтайларда ашық талқыланып, ортақ шешім қабылданған. Құрылтай – елдің жоғары өкілді және заң шығарушы органы. Оның құрамында бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат бар. Ал, Ұлттық құрылтай – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Оның негізгі міндеті – қоғамдық консолидацияны нығайтуға және мемлекеттің дамуына бағытталған бастамаларды әзірлеу. Бүгінде тарихи дәстүрден бастау алған Құрылтай ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды пікірталас алаңы ретінде өз жалғасын тауып келеді.
Аяулым Усинова