Негізгі Жаңалықтар Ерікті қоныс аудару бағдарламасының тиімділігі

Ерікті қоныс аудару бағдарламасының тиімділігі

Еңбек ресурстарының ұтқырлығын қамтамасыз етуге бағытталған ерікті қоныс аудару бағдарламасы облыста жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама өңірдегі кадр тапшылығын азайтып, ауылдық және шекара маңындағы аумақтардың дамуына серпін беруді көздейді. Оның іске асырылу барысы мен алдағы міндеттері өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

Ерікті қоныс аудару бағдарламасы еңбек күші тапшы өңірлерді қажетті мамандармен қамтамасыз етудің тиімді тетіктерінің біріне айналды.Биыл өңірге көшіп келушілерге бөлінген квота толық орындалған. Бұл өз кезегінде азаматтардың жаңа өңірге бейімделуіне және тұрақты қоныстануына мүмкіндік береді.

Сәуле Зарлық, ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы:

Шығыс Қазақстан облысы үшін бұл мәселе ерекше маңызға ие. Өйткені шекара маңындағы және ауылдық аймақтардың тұрақты дамуы олардың білікті кадрлармен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Осыған байланысты 2026 жылы бізде өңірлік квота бекітілген. Яғни 600 қоныс аударушыны қабылдауымыз өңірлік квотамен бекітіліп берілген. Бүгінгі күні 1-тамыздағы жағдай бойынша 171 отбасы, құрамында 600 адамды құрайтын адамдар қоныс аударып келді. Яғни бөлінген квота 100 %-ға орындалды. 

Бүгінде қоныс аударушылардың басым бөлігі Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарынан келген. Еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, өңірде «Шығыс шақырады» жоспары жүзеге асырылып, кәсіпкерлікті қолдау, білім беру гранттарын бөлу және арнайы пилоттық жобалар қолға алынған.

Дәулет Сарманов, ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:

Ерікті қоныс аудару бүгінде жай ғана халықтың орын ауыстыру тетігі емес, өңірлік кадр саясатын жүзеге асырудың тиімді құралына айналып отыр. Облысымызда іске асырылып жатқан кешенді тәсіл бір мезгілде бірнеше маңызды міндетті шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, кадр тапшылығын азайтуға, ауылдық және шекара маңындағы аумақтарды дамытуға, кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға, азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға және экономикалық өсудің жаңа нүктелерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Бүгінде қоныс аударушыларды қолдау жұмыстары кешенді түрде жүргізілуде. Бұл бағыттағы шаралар өңірдің еңбек әлеуетін нығайтып, елді мекендердің тұрақты дамуына негіз болмақ.

Бекарыс Энгельс 



Бөлісу