«Алтай» мен «Қызылжар» тең ойын өткізді
Өскеменде Қазақстан Премьер-лигасының 21-туры аясында кезекті ойын өтті. «Восток» стадионында жергілікті «Алтай» командасы Петропавлдың «Қызылжар» клубын қабылдады. Екі команда да алаңда белсенділік танытып, жеңіске жетуге бар күшін салды. Кездесу соңғы секундтарға дейін тартысты өтіп, командалар тең ойынмен тарқасты.
Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ «Алтай» шабуылға көшіп, қарсылас қақпасы маңында бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Алайда «Қызылжар» кездесудің алғашқы есебін ашты. 45-минутта петропавлдықтар допты қақпаға бағыттап, бірінші таймды 1:0 есебімен аяқтады. Екінші таймда алаң иелері қарқынын күшейтіп, 62-минутта он бірінші нөмерде өнер көрсеткен Ибрагим Дададев есепті теңестірді.
Екінші голдан кейін «Алтай» шабуылды үдете түсті. Нәтижесінде 78-минутта өскемендік футболшылар алға шықты. 21-нөмірлі Никола Ямбор допты «Қызылжар» қақпасына дәл бағыттап командасының еншісін еселеді.
Негізгі уақытқа үш минут қосылды. Қосымша уақыттың алғашқы сәттерінде «Қызылжар» таразы басын қайта теңестіріп үлгерді. Осылайша кездесу 2:2 есебімен аяқталды.
Вахид Масудов, «Алтай» ФК бас бапкері:
Күшімізді жинап, ойынды өзгерте алдық. Өкінішке қарай, футболда мұндай жағдайлар болып тұрады. Екінші таймның соңғы бөлігін сәл дұрыс аяқтай алмадық. Жанкүйерлерге қолдауы үшін алғыс айтамын. Екінші таймда олар команданы алға қарай жігерлендірді. Жалпы, өз мүмкіндіктеріміздің барлығын пайдалана алмадық.
Кездесу қорытындысы бойынша «Алтай» мен «Қызылжар» бір-бір ұпайдан иеленді. Өскемендік команда келесі ойынын 19 тамызда өткізеді. Бұл жолы «Алтай» сырт алаңда Көкшетаудың «Оқжетпес» командасымен кездеседі. Бекарыс Энгельс