Негізгі Жаңалықтар «Торпедо» әйелдер хоккей командасы тарамайды

«Торпедо» әйелдер хоккей командасы тарамайды

Әлеуметтік желілерде «Торпедо» әйелдер хоккей командасы таратылады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының мамандары мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, команданың қызметін тоқтату туралы ешқандай шешім қабылданбаған. Қазіргі уақытта жаңа маусымға дайындық жоспарға сай жалғасып жатыр.

Аида Жұханова, ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының жоғары жетістіктер спорты және спорт резерві бөлімінің басшысы:

Бүгінгі күнге дейін облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы әйелдер хоккей командасын тарату туралы ешқандай шешім қабылдаған жоқ және бұл жөнінде жазбаша да, ауызша да хабарлама жолдамады. Сондай-ақ басқармаға аталған команданың қызметін тоқтатуға қатысты ешқандай ұсыныс немесе өтініш келіп түскен жоқ. Қазіргі уақытта басқарма команданың жұмысын жалғастыруды және облыс намысын қорғайтын әйелдер құрамасының алдағы Qyzdar Hokei Ligasy тұрақты чемпионатына қатысуын жоспарлап отыр.

Мария Федоренко, «Торпедо» әйелдер хоккей командасының бас бапкері:

Клубымыздың айналасында қалыптасқан жағдайға байланысты командамен арнайы кездесу өткіздік. Спорт басқармасы тарапынан спортшылар мен жаттықтырушылар құрамын толық көлемде қаржыландыруға кепілдік берілді. Яғни еңбек шарттарына сәйкес жалақы уақытылы төленеді, толыққанды оқу-жаттығу процесіне қажетті материалдық-техникалық база қамтамасыз етіледі және команда Qyzdar Hokei Ligasy чемпионатына қатысады. Басқарма өз міндеттемелерін толық орындағаннан кейін бұл туралы міндетті түрде қосымша хабарлаймыз.
Бөлісу