Дауыс беру баршаға қолжетімді
Еліміздегі маңызды саяси науқан қарсаңында өңірдегі сайлау учаскелерінде дайындық жұмыстары жалғасуда. Негізгі басымдықтардың бірі – барлық азаматтардың сайлау құқығын тең дәрежеде жүзеге асыруына жағдай жасау. Осыған орай сайлау учаскелерінің мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділігіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта учаскелер қажетті техникалық құралдармен кезең-кезеңімен жабдықталып, инфрақұрылым қолданыстағы талаптарға сәйкестендірілуде.
Облыста 27 шілдеден бастап аумақтық сайлау комиссиялары үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне мониторинг жүргізіп келеді. Бағалау барысында ғимараттардың инфрақұрылымы, арнайы жабдықтардың болуы және азаматтарға қолайлы жағдайдың жасалуы назарға алынған.
Айгүл Оразбаева, Облыстық сайлау комиссиясының мүшесі:
Қазіргі таңда сайлау комиссиясының басты басымдылықтарының бірі – мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау үдерісінің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп, жергілікті атқарушы органдармен тығыз өзара іс-қимыл жалғасуда. Сайлау үдерісінің толық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін сайлау учаскелері қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдарға арналған пандустар, міндетті түрде орнатылатын шақыру батырмалары және көтергіш лифт қарастырылған.
№22 сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қажетті техникалық құралдар орнатылған. Мұнда көру және есту қабілеті төмен, қимыл-қазғалысында шектеу бар жандарға арналған арнайы құрылғылар тексеріліп, дауыс беру күні үздіксіз жұмыс істеуі үшін алдын ала дайындық жүргізілуде.
Гаухар Қуанышева, сайлау учаскесінің хатшысы:
Жұмысымызды 3 тамыздан бастап келе жатырмыз. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға көңіл бөліп отырмыз. Жаңа құрылғылар әкелінді. Көру, есту қабілеті нашар адамдарға арналған құрылғыларды тексеруден өткізіп жатырмыз.
Мониторинг барысында қоғамдық ұйым өкілдері сайлау учаскесіндегі қолжетімді орта талаптарының сақталуына ерекше назар аударды. Бағалау кезінде ғимаратқа кіріп-шығу мүмкіндігі, ақпараттық-түсіндіру және дауыс беру кабиналарының бейімделуі зерделенді.
Әлия Райыс, мониторингтік топ мүшесі:
Сайлау учаскесі жұмысқа толық бейімделген. Барлығы менің көңілімнен шықты. Құрылғылар, арнайы ақпараттық тақта, дауыс беру кабиналары бар. Барлық мүгедектік топтарға жағдай жасалған. Нашар еститін, нашар көретін, жалпы айтқанда барлық мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалған.
Мамандардың айтуынша, сайлау учаскелерінде ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өз бетінше дауыс беруіне мүмкіндік беретін заманауи техникалық шешімдер қолданылған. Бұл сайлау процесінің барша азамат үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Илья Смоляков, мониторингтік топ мүшесі:
Сайлау учаскесі инновациялық құрылғылармен жабдықталған. Мәселен индукциялық ілмек, нашар көретін азаматтарға арналған электронды лупа. Қазіргі таңда біздің тарапымыздан ешқандай арыз-шағымдар жоқ. Барлығы сайлау учаскесінің декларацияланған қолжетімділігі шеңберінде жасалған.
Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша сайлау учаскесінің қолжетімділігіне қатысты елеулі ескертулер анықталған жоқ. Дайындық жұмыстары жалғасуда, ал сайлау күні әрбір азаматтың өз таңдауын еркін жасауына қажетті жағдай қамтамасыз етіледі.
Бекарыс Энгельс