Елімізде «Адам саудасы - ауыр қылмыс» атты республикалық ақпараттық науқан өтуде. Оның мақсаты - адам саудасының алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Шара аясында тұрғындарға түрлі қауіп-қатерден қорғану жолдары жан-жақты түсіндірілді. Мамандар кез келген күмәнді жағдайға бейжай қарамай, құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлаудың маңызын атап өтті.
Республикалық ақпараттық науқан аясында өңірде бірқатар алдын алу шаралары ұйымдастырылды. Соның бірі – ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен өткен ақпараттық-насихат шарасы. Науқан барысында полиция қызметкерлері теміржол жолаушыларына адам саудасының қауіптері туралы түсіндіріп, күмәнді жағдайлардан сақ болуға шақырды.
Әділет Қабидолда, ШҚО ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі:
Жыл сайын 30 шілде күні әлемде адам саудасына қарсы қылмыс күні аталып өтеді.Яғни бұл күн- адамдардың құқығын қорғау және адам саудасын болдырмау мақсатында өтеді. Осыған орай біздің мемлекетімізде ҚР ІІМ бастауымен агитациялық поезд іс шарасы аталып өтті.
Ақпараттық науқан аясындағы іс-шаралар мұнымен шектелмеді. Өскеменде мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары мен жастар ұйымдарының қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Кездесуде қауіпсіз жұмысқа орналасу, еңбек қатынастарын заң талаптарына сай рәсімдеу және шетелге жұмысқа шығу кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды.
Айдос Әділбеков, Облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:
Облыс орталығында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлескен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жалпы дөңгелек үстелде біз жазғы маусымда жастардың еңбек қауіпсіздігін сақтау және еңбек шарттарын сақтау мәселесі тақырыбында сөз қозғадық. Біздің басты мақсатымыз осы тақырып аясында шетелде қызмет етіп жатқан жастарымыздың құқықтарын қорғау мәселесі көтерілді. Одан бөлек жазғы маусымда заңды түрде жұмыс жасау тұрғысында сөз қозғаған болатынбыз.
Мамандардың айтуынша, адам саудасының құрбанына айналмаудың ең тиімді жолы – ақпаратқа мұқият болып, тек ресми еңбек келісімшарттары арқылы жұмысқа орналасу. Сондай-ақ шетелге шығар алдында жұмыс беруші туралы мәліметті мұқият тексеріп, күмәнді ұсыныстардан сақ болған жөн.
Бекарыс Энгельс