Өрт қауіпті кезең басталғалы облыс аумағында 33 орман өрті тіркелген. Тілсіз жаудың алдын алу мақсатында өңірде 48 мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Облыстық ТЖД бөлімшелері, полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар осы уақыт аралағында 620-ға жуық профилактикалық шара өткізді. Тексеріс нәтижесінде 174 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Өрттің алдын алу мақсатында мобильді топтар елді-мекендер мен саяжай аумақтарын аралап, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіруде. Мамандар әсіресе құрғақ шөп пен қоқысты өртеуге, орман алқаптарында от жағуға болмайтынын ескертеді.

Еламан Социалов, Өскемен қ. Төтенше жағдайлар басқармасының аға анықтаушысы:

Мобильді топтар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Тұрғындарға құрғақ өсімдіктерді өртемеу, орман алқаптарында от жақпау, сөндірілмеген темекі тұқылдары мен сіріңкелерді тастамау қажеттігі түсіндірілуде. Сонымен қатар, балаларға қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.Өрт болған жағдайда дереу 112 немесе 101 нөмірлеріне хабарлау қажет. 

Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау тек орман алқаптарында ғана емес, саяжай аумақтарында да маңызды. Әсіресе құрғақ шөп пен қоқыстың жиналуы өрттің тез таралуына себеп болуы мүмкін. 

Ержан Мұхамадиев, Өскемен қ. әкімдігі №4 аумақтық басқармасының директоры:

Бұл аумақта арамшөп басып кеткен жерлер өте көп. Сондықтан, тұрғындарға өздеріне тиесілі және оған іргелес аумақтарды тазалап, шөптерді шауып, қоқыспен ластамаудың маңызын халыққа түсіндіру дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, көп жағдайда немқұрайлылық соңы жазатайым оқиғаға әкелуі мүмкін. 

ШҚО ТЖД азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Өртке қарсы режим кезеңінде орман алқаптарына баруды шектеу қажет.

Фатима Тілейханқызы