Облыста 2026 жылдың алғашқы алты айында мемлекеттік бюджетке түскен салықтық түсім жоспары 102,4%-ға орындалған. Нәтижесінде бюджетке жоспардан тыс 6,6 миллиард теңге қосымша қаржы түскен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз отырысында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш мәлімдеді.
Жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 284 млрд. теңге салық түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 78 млрд. теңгеге көп. Республикалық және жергілікті бюджет жоспарлары да артығымен орындалған. Қазынаға түскен негізгі кіріс импорттық қосылған құн салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және корпоративтік табыс салығы есебінен қалыптасқан.
Сайранқан Қабыш, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан импортталған тауарларға ҚҚС, жалпы түсімдегі үлесі 31,3% немесе 88,8млрд.теңгені құрайды. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, жалпы түсімдегі үлесі 27,0% немесе 76,6 млрд.теңгені құрайды. Заңды тұлғалардан түсетін КТС, МБ жалпы түсімдегі үлесі 26,0% немесе 73,8 млрд.теңгені құрайды. Төлем көзінен салық салынатын табыстардан ЖТС, түсімдегі үлесі 11,6% немесе 32,9млрд.теңгені құрайды.
Брифингте мемлекеттік қызметтерді цифрландыру нәтижелері де таныстырылды. Бүгінде көрсетілетін қызметтердің 99,7 пайызы электронды форматта ұсынылады. Биыл жаңа Салық кодексі мен Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған ақпараттық жүйесі іске қосылып, құжаттарды өңдеу мерзімі қысқарып, кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктеме азайған.
Сайранқан Қабыш, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:
Мемлекеттік кірістер органдарының негізгі міндеті – тек бақылау функцияларын жүзеге асыру ғана емес, сонымен қатар азаматтар мен бизнес үшін қолайлы әрі сапалы қызмет көрсету жүйесін қалыптастыру. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті алдағы уақытта да цифрлық сервистерді дамыту, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және салық төлеушілердің қанағаттану деңгейін көтеру бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді. Басты мақсатымыз – әрбір азамат пен кәсіпкерге мемлекеттік қызметтерді барынша қолжетімді, жылдам және сапалы ұсыну.
Жаңа Салық кодексі аясында салықтық әкімшілендіру жеңілдетілді. Есептілік көлемі шамамен 30%-ға қысқарып, оның нысандарының саны 39-дан 28-ге дейін азайды. Сондай-ақ арнаулы салық режимдері жетіден үшке дейін қысқартылып, берешекті өндіріп алу, төлемді кейінге қалдыру және бөліп төлеу тәртібі оңтайландырылды.
Кәусар Идаятқызы