Облыс орталығында ҚР «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайыновтың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Шараға өңірдегі қалалық және аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары бастаған 50-ден астам азамат қатысты.

Жас ұрпақтың тәрбиесі – мемлекет дамуының басты кепілі. Сондықтан ұлттық құндылықтарды сақтау, өскелең буынның бойына еңбекқорлық пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру бүгінгі күннің маңызды міндетіне айналды. Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов ардагерлер ұйымдарының жұмысына негіз болатын жеті басым бағытқа тоқталды. 

Әбілғазы Құсайынов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы:

Орталық комитет 7 бағытта бағдарлама дайындаған. Оның ішінде ең басты құндылықтар, үлкендерді сыйлау, бұл міндетті түрде бірінші бағыт орындалса әрмен қарай 6 бағыт жеңіл орындалады. Ең басты мәселе біздің ардагерлердің жұмысы. Арифметикаға келетін болсақ, бізде 2,6 млн. ардагерлер бар. Соның 500 мыңы денсаулықтары бар, жұмысқа берілген елім, жерім десе жанын беретін ардагерлер. 

Басқосуға жиналғандар жастар тәрбиесінде басымдық берілетін негізгі құндылықтарға тоқталды. Бүгінгі таңда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, тарихи сананы жаңғырту, отбасы институтын нығайту, ұлттық болмысты сақтау, адал еңбекке баулу және зиянды әдеттердің алдын алу – ардагерлер ұйымдарының негізгі міндеттерінің бірі. 

Назигүл Шоматова, Алтай аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы:

Ерекше қолға алынып отырған бұл жастар тәрбиесі бүгінгі күні адал азаматты тәрбиелеу, жасампаздық, патриоттық. Бұл бағытта біздің Алтай өңірінде қуанышты екі жаңалығымыз бар. Бұл ауданда С. Нұрмағамбетов атындағы сарбаздар мектебі және орта мектепте сарбаздар сыныптары. Осы бағытта патриоттық тәрбие жақсы қолға алынған. 

Аймақ басшысы облыста аға буын өкілдерінің өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Қазіргі таңда өңірде 175 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Мұнда зейнеткерлер спортпен шұғылданып, шығармашылықпен айналысады. Сонымен қатар, жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, белсенді өмір салтын ұстанады.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Барша шығысқазақстандықтардың әсіресе аға буын өкілдеріміздің қоғамдық маңызы бар зор бастамаларды қолдаудағы өзіндік бір белсенділігі, азаматтық ұстанымы ерекше атап өткім келеді. Біз Айтқазы Сейітұлы бастаған ардагерлер қауымымен әрдайым кездесіп, пікір алмасып, ақыл сұрап отырамыз. Өңірдің қоғамдық маңызды саяси мәселелері бойынша осы кісілердің өмірлік тәжірибесі, парасатты пікіріне әрдайым арқа сүйейміз. 

Жиын соңында қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген бірқатар ардагер марапатталды. «Құрмет белгісі» төсбелгісі Катонқарағай, Глубокое және Ұлан аудандарының ардагерлер ұйымдарының жетекшілеріне табысталды.

Жәнібек Қызыров, Катонқарағай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Шынын айту керек өте қуанышты сезімдемін. Еңбегімнің ақталып жатқанына, өзіміздің Мемлекет басшысына, үкіметтегі азаматтарға көп рахметімді айтамын. Журналистика саласында 52 жыл қызмет еттім. Ауылдық ардагерлер кеңесінде 10 жылдай ал аудандық ардагерлер кеңесінде 2 жылдай қызмет істеп келе жатырмын. Біздің негізгі жұмысымыз тәрбие жұмысы. 

Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар бірлескен жұмыстар жанданып, жалғасын табатынын айтты. 

Гүлдана Айдарқызы