Иорданияның Амман қаласында өткен дзюдодан кадеттер арасындағы Азия чемпионатында шығысқазақстандық Ернат Кеңесбек алтын медаль жеңіп алды. 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен жас спортшы барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Туған еліне оралған жеңімпазды жақындары, жанкүйерлері мен спорт қауымдастығы салтанатты түрде қарсы алды.
Азия чемпионаты – құрлықтың ең үздік жас дзюдошылары жиналатын байрақты бәсеке. Мұнда әр белдесу үлкен дайындық пен мықты мінезді талап етеді. Ернат Кеңесбек жарыс барысында ешбір қарсыласына мүмкіндік бермей, чемпиондық тұғырға көтерілді. Оның жеңісіне туған-туыстары мен жанкүйерлері ерекше қуанды. Әсіресе, жарысты алаңдап тамашалаған әжесінің қуанышында шек жоқ.
Ғайнижамал Шаймұратова, Е. Кеңесбектің әжесі:
Ернат балам өзі бастауыш сыныптан қол күресіне қатысқан. Спортты кішкентайынан жақсы көреді. Бастауыш сыныпта қол күресінен Мекен Нұрмолдин ағасы баптап, осындай сайысқа жетелеп жүретін. Қалаға келгенен кейін Жандос ағасы жалғастырып, бүгін міне чемпион дәрежесіне жеткізді. Алдағы уақытта осындай чемпиондықтар жалғаса берсін.
Жас спортшыны бұл додаға бапкері Жандос Сайлаубеков дайындады. Айтуынша, чемпиондық - бір күнде келген жетістік емес, ұзақ уақыт бойы үздіксіз жаттығу мен табанды еңбектің нәтижесі.
Жандос Сайлаубеков, жаттықтырушы:
Жарыс өте мықты деңгейде өтті. 20 мемлекет келді. Біз Қазақстан атынан 20 спортшы апардық. 2 алтын, 7 күміс, 6 қола алды. Ернат өзінің мықты екенін дәлелдеп, чемпион болды. Алда тыңғылықты дайындық керек, үзбейміз. Болашақта олимпиада біздің мақсат.
Ернат бұған дейін де халықаралық жарыстарда жүлдесіз қалған емес. Ол Қазақстан чемпионаты мен Грузияда өткен Еуропа кубогында күміс жүлдеге ие болған. Ал осы жолы ақтық белдесуде өзбекстандық балуаннан басым түсіп, алтын медальді жеңіп алды. Жас спортшының айтуынша, бұл жеңіс – алдағы биік белестерге бастар үлкен қадам.
Ернат Кеңесбек, Азия чемпионы:
Соңғы белдесуге өзбек балуанымен шықтым. Өте мықты. Осыған дейін талай жарыста кездескенбіз, чемпион болып жүрген бала. Финалға көп дайындалдық. Тек физикалық тұрғыдан ғана емес, психикалық тұрғыда да дайындалдық. Нәтижесі алтынға алып келді. Алған әсерім керемет, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Рахмет айтқым келеді бәріне ҚР аға жаттықтырушыларына және өзіміздің облыс жаттықтырушылары мен жеке бапкеріме алғыс айтқым келеді.
Спортшының бұл жеңісі – шығысқазақстандық дзюдо мектебінің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ернат енді әлемдік додаларға дайындықты жалғастырып, Олимпиада ойындарына жолдама алуды мақсат етіп отыр. Ал өңір жұртшылығы чемпион мен оның бапкеріне толағай табыс тілеп, жаңа жеңістер күтетінін жеткізді.
Кәусар Идаятқызы