Өңірде жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Биыл облыста жалпы ұзындығы 630 шақырым автожолды жөндеу жоспарланған. Осы мақсатқа 57 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, оның 37 миллиард теңгесі республикалық, ал 20 миллиард теңгесі жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге бағытталды.
Аймақта ірі инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі облыс орталығындағы Сәтпаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы көлік айрығы. Нысан құрылысы белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Әсет Сұлтанов, облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
Өңірде ірі инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Өскемендегі Сәтпаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы көлік айрығы. Бұдан бөлек, Пермитин-Славский көшелеріндегі жолайрықтың құрылысы, Бобровка ауылындағы инфрақұрылымды жаңғырту, Күршім ауылының айналма жолын салу және Ақ Берел өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу жұмысы жалғасуда. Ал, Шемонаихадағы Үлбі өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғырту жобасы әзірленіп, мердігер анықталды. Өскеменде жаңа көпірдің жобасы әзірленіп жатыр.
Облыс аумағында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңарту да қолға алынған. Қазіргі таңда өңірдің 7 жол учаскесінде жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Алмас Қасенов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚОФ директорының орынбасары:
Қайта жаңарту жұмыстары биыл республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 7 учаскесінде қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда Қалбатау-Майқапшағай жолының жалпы ұзындығы 231 шақырым құрайтын 5 учаскесі бойынша жұмыстар аяқталды. Бүгінгі таңда 4 учаске пайдалануға берілді. Тағы бір учаске толықтай аяқталып, нысанды пайдалануға беруге шаралар атқарылып жатыр.
Сондай-ақ жол-көлік оқиғасы жиі болатын учаскелер санын азайту мақсатында жол сапасына бақылау күшейтіліп, қауіпсіздікті арттыру шаралары жалғасады. Бұл өңірдегі көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыруға және оқыс оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік бермек.
Бекарыс Энгельс