Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім беру саласының жай-күйі және өзге де маңызды мәселелер қаралды. Басқосуда жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, депутаттық корпустың қызметі сараланды. 

Жиында облыстық мәслихат төрағасы Денис Рыпаков жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Оның айтуынша, осы кезеңде 8 сессия өтіп, 68 шешім қабылданған. Сондай-ақ тұрақты комиссиялар мемлекеттік органдарға ұсынымдар беріп, бірқатар шешімнің орындалуын бақылауға алған.

Денис Рыпаков, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы:

Облыстық мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы айқындаған бастамалар мен міндеттерді басшылыққа алып, оларды іске асыруға белсенді түрде кірісті деп есептеймін. Мәслихат қызметінің негізгі нысаны – сессиялар. Дәл осы сессияларда өңір тұрғындары үшін маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданады. Есепті кезеңде облыстық мәслихаттың сегіз сессиясы өткізілді. Оның ішінде төртеуі кезекті, төртеуі кезектен тыс сессия болды. Облыстық мәслихаттың құзыреті аясында есепті жыл ішінде барлығы 68 шешім қабылданды. Оның 24-і нормативтік құқықтық сипаттағы шешімдер.

Күн тәртібінде білім беру саласы да талқыланды. Облыстық білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов өңірде мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 99,3 пайызға жеткенін айтты. 

Қуат Оқасов, ШҚО білім басқармасының басшысы:

Білім басқармасы өңірлік әдістемелік орталықпен және мобильді топтармен бірлесіп жүйелі әдістемелік жұмыстар жүргізілуде. 2025–2026 оқу жылында облыстағы мектепке дейінгі ұйымдарда әдістемелік күндер ұйымдастырылып, олардың аясында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен үлгілік оқу бағдарламасының талаптарын сақтау, дамытушы ортаны ұйымдастыру, құжаттаманы жүргізу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік аттестаттауға дайындық мәселелері қаралды. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің қатысуымен мектепке дейінгі ұйымдардың басшыларымен жұмыс кеңестері өткізілді. 

Осылайша, сессияда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер жан-жақты қаралып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды. Қабылданған шешімдердің орындалуы облыстың тұрақты дамуына және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталмақ.

Нұрдәулет Қалибеков