Өңірде «Конституциядағы адам құқықтары және олардың кепілдіктері» тақырыбында аймақтық оқыту семинары басталды. Шараға Өскемен қаласы, Ұлан, Глубокое және Марқакөл аудандарының жастар ресурстық орталықтарының директорлары мен мамандары қатысты.

Семинар барысында қатысушылар Конституцияның негізгі қағидаларын талқылап, адам құқықтарын қорғау тетіктері мен оларды тәжірибеде қолдану жолдарын қарастырды. Сондай-ақ жастар арасында заң мен тәртіп қағидаттарын, отбасы құндылықтарын және құқықтық мәдениетті насихаттау мәселелері де сөз болды.

Айдос Әділбеков, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:

Бізде спикер ретінде Шығыс Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің төрайымы Аяжан Әшімова Тұрсынбекқызы және облыстық жастар саясаты жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Ербол Бақытжан Ерболқызы осы тақырыптар төңірегінде семинар-тренинг өткізуде. Аталмыш семинар-тренингке Өскемен қаласы, Ұлан ауданы, Глубокое ауданы және Марқакөл ауданының жастар ресурстық орталықтарының директорлары мен мамандары қатысуда. Сонымен қатар, дәл осындай семинар-тренингтер басқа қала-аудандарда да ұйымдастырылатын болады. Біздің басты мақсатымыз – Конституцияда көрсетілген заң мен тәртіп, «Таза Қазақстан», отбасы құндылықтары және адам құқықтары тақырыптарын жастарға кеңінен насихаттау. 

Практикалық тапсырмалар барысында қатысушылар Конституция баптарының мазмұнын саралады. Мамандардың айтуынша, мұндай семинарлар Қазақстан Республикасының Ата заңында бекітілген құқықтар мен кепілдіктерді тереңірек түсінуге, олардың азаматтардың күнделікті өміріндегі маңызын ұғынуға мүмкіндік береді.

Назерке Жанатова, Марқакөл ауданы Жастар ресурстық орталығының директоры:

Қазір біз жастарға бағыт-бағдар беретін мамандар болғандықтан, өзімізге өте қажетті мағлұматтар алдық. Енді Конституцияны толықтай оқып, тереңірек зерттейтін боламыз. Себебі ауылдық жерлерде жастармен жұмыс істегендіктен, бүгін алған білімімізді іс жүзінде қолдансақ деген мақсатымыз бар. Қазірдің өзінде осы бағыттағы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Семинар өте қызықты өтіп жатыр. 

Өңірлік оқыту семинарлары алдағы уақытта облыстың өзге қала-аудандарында да жалғасады. Ал қатысушылар алған білімдерін жастармен жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында пайдаланып, құқықтық сауаттылықты арттыруға үлес қоспақ.

Кәусар Идаятқызы