Облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі «Ұлы даланың алтыны» көрмесі жұртшылықтың жоғары бағасына ие болды. Экспозицияда ежелгі көшпенділердің тарихы, мәдениеті мен тұрмысын танытатын жүздеген бірегей археологиялық жәдігерлер мен тарихи реконструкциялар қойылған. Жуырда көрме жаңа құнды экспонаттармен толықты.
«Ұлы даланың алтыны» көрмесінде аймақтағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған бірегей жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылған. Олардың қатарында алтын әшекейлер, қару-жарақ түрлері, ат әбзелдері және ежелгі көшпенділердің киім үлгілері бар. Тарихы екі жарым мың жылдан асатын құнды экспонаттар Ұлы далада өмір сүрген тайпалардың мәдениеті, салт-дәстүрі мен зергерлік және қолөнер өнеріндегі жоғары шеберлігін айқын көрсетеді. Экспозицияның басты жәдігері – қызметшілерімен бірге бейнеленген ежелгі түркі қағанының жаңа ғылыми реконструкциясы. Бұл ауқымды композицияны әзірлеуге мамандар бірнеше жыл жұмсаған. Ғалымдар VIII ғасырдағы ұлы билеушінің келбетін тарихи деректерге сүйене отырып, барынша дәл қалпына келтіруге күш салған. Киім үлгісінен бастап, билік нышандары мен сәндік бұйымдарына дейінгі әрбір бөлшек ғылыми зерттеулер негізінде қайта жасалған.
Альфия Бақбаева, Облыстық тарихи-өлкетану музей директоры орынбасарының м.а.:
Бұл экспозиция бірнеше уақыттан бері жұмыс істеп келеді, бұл экспозиция Великобритания жерлерінде де, Түркия жерлеріне де барып келген. Оны екі жыл көлемінде белгілі этнограф, тарихшы Ахметжан деген кісі жасап шығарды, әрине археологтар бірлесе отырып қай ғасырға жататынын, нақты қай дәуірдікі, киіміне дейін, әлеуметтік статусын көрсету мақсатында реконструкция жасалды.
Ежелгі түркі қағанының ғылыми реконструкциясы 2022 жылы Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен әзірленген. Ол Шығыс Қазақстандағы Елеке сазы қорымынан табылған археологиялық қазба негізінде жасалды. Мамандардың айтуынша, бұл жәдігер көне түркілердің тарихы мен мемлекеттік құрылымын зерттеудегі ең маңызды жаңалықтардың бірі саналады.
Зайнолла Самашев, археолог, тарих ғылымдарының докторы:
Көне түркілер тарихын зерттеу кезеңіндегі ең айтулы археологиялық жаңалықтардың бірі – тақта отырған қағанның бейнесі. Тақтың қос қапталы жылқы бастарымен әшекейленген. Ал қағанның екі жағында тұрған қызметшілері оған табақпен тарту ұсынып тұрғаны көрсетілген.
«Ұлы даланың алтыны» көрмесі келушілерге тарихты музей экспонаттары арқылы ғана емес, ғылыми негізде қайта жаңғыртылған бейнелер арқылы да танып-білуге мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, экспозиция алдағы уақытта да жаңа археологиялық олжалармен және бірегей реконструкциялармен толықтырыла бермек.
Гүлдана Айдарқызы