Аймақта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Мамандардың мәліметінше, өңірде қант, күнбағыс майы, қарақұмық, күріш сынды әлеуметтік маңызы бар өнімдер қолжетімді бағамен сатылып жатыр.

Қазіргі таңда облыста 46 әлеуметтік сауда нүктесі жұмыс істейді. Оның 21-і әлеуметтік, 25-і серіктес дүкен. Сондай-ақ күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында әлеуметтік павильондарға көкөніс қоры жеткізіліп, тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету шаралары қолға алынған.

Исатай Ансат, ШҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:

Біз көптеген сауда дүңгіршектерінің қаланың қазіргі келбетіне сай келмейтінін жақсы түсінеміз. Сондықтан облыс әкімінің төрағалығымен оларды заманауи сауда павильондарына ауыстыру мәселесін талқылауды ұсындық. Бұл қаланың сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, әлеуметтік маңызы бар тауарларды көбірек көлемде жеткізіп, сатуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде кәсіпкерлердің де мұндай өнімдерді сатуға деген қызығушылығы артады.

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Жыл басынан бері заң талаптарын бұзған кәсіпкерлерге қатысты 81 әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынған.

Ерқабыл Қожбанов, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Тұрақтандыру қоры департаментінің директоры:

Былтырғы жылдан бастап бізде жеке кәсіпкер Мусин Мәдидің ұйымдастыруыменен қалада 21 біздің СПК-ға қатысты өзіміздің павильондар бар және 25 кәсіпкерлердің дүкендеріменен меморандум арқылы сауда нүктелері арқылы халыққа жеткіземіз.

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей өндірушіден тұтынушыға жеткізуге бағытталған жәрмеңкелер де тұрақты ұйымдастырылып келеді. Жыл басынан бері 300-ге жуық жәрмеңке өтті. Тұрғындар жергілікті өнімді жалпы сомасы 1,4 млрд. теңгеге сатып алған.

Дамир Мамиев, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

31 тауар болса соның алтау-жетеуі сүт өнімдері. Сондықтан Біздің облысымызда бірінші орында ең көп өндірілетін өнім сүт болғаннан кейін сүт бағытындағы жобаларды қаржыландырып отырмыз. Соның арқасында бізде қазір сүт қай ауылдың дүкенінде болса да біздің өнімдер бар және қолжетімді бағада.  

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірде өңдеу өнеркәсібі де дамып келеді. Аймақта «ALTAI MAI» май өңдеу зауыты іске қосылды. Бұдан бөлек, жаңа сүт өңдеу зауытының құрылысы жалғасуда.

Бекарыс Энгельс