Елде электрлі самокаттарды пайдалану тәртібі өзгерді. Биыл 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа талапқа сәйкес, жолдың жүру бөлігімен тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана қозғала алады. Сонымен қатар, самокат тізгіндегендер үшін қорғаныс дулығасын кию міндетті.
Мадияр Мұхамеджанов, Өскемен қалалық ПБ ППБ взвод командирі:
Енді электрлі самокаттарды жалға беретін компаниялар қызметті пайдаланушылардың жасын, жүргізуші куәлігінің болуын, олардың көлік құралын басқару құқығынан айырылмағанын тексеруге міндетті. Электрлі самокатпен жолдың жүру бөлігіне тек кәмелетке толған және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар пайдаланушылар ғана шыға алады. Бұдан бөлек, жалға берілетін самокаттарда мемлекеттік тіркеу нөмірі мен міндетті сақтандыру болуы тиіс. Ал сервистер самокаттардың қозғалыс жылдамдығын, техникалық жай-күйін және олардың тұраққа қойылуын бақылауға міндетті.
Жаңа өзгерістер жауапкершілікті де күшейтті. Жол қозғалысы ережесін алғаш рет бұзғандарға 2 АЕК, ал бір жыл ішінде қайталап бұзғандарға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер заң бұзушылық салдарынан жол-көлік оқиғасы болып, адам денсаулығына немесе мүлкіне зиян келсе, жаза қатаңдай түседі.
Ислам Қарыпханов, қала тұрғыны:
Самакат өте қолайлы зат кез-келген жерге жеткізеді. QR коды приложениесі бәрі ыңғайлы. Өте қолайлы зат.
Ал 25 тамыздан бастап тағы бір маңызды өзгеріс күшіне енеді. Яғни, электрлі самокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне толық тыйым салынбақ.
Нұрдәулет Қалибеков