Риддер қаласындағы Алтай ботаникалық бағының құрылғанына биыл 91 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол елдегі ең көне ғылыми орталықтардың біріне айналып, Алтай өңірінің бай өсімдіктер дүниесін зерттеу және сақтау бағытында маңызды жұмыстар атқарып келеді.

Алтай ботаникалық бағының тарихы 1935 жылдан бастау алады. Оның негізін қалауды ғалым Петр Ермаков ұсынған. Бүгінде мұнда ауқымды ғылыми зерттеулер жүргізіліп, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдік түрлері сақталады. Сонымен қатар, оларды көбейту және табиғи ортаға бейімдеу бағытында жұмыстар қолға алынған. Ғалымдар дәрілік, сәндік, жеміс-жидек және басқа да құнды өсімдіктерді зерттеп, бақтың қорын жыл сайын толықтырып келеді.

Айдар Сумбембаев, Алтай ботаникалық бағының бас директоры:

Бүгінде Алтай ботаникалық бағының коллекциялық қорына табиғи флора өсімдіктері, көпжылдық гүлдер, дендрарий және жеміс-жидек бағы кіреді. Экспозициялардың жалпы аумағы 37 гектарды құрайды. Мұнда өңірдің жергілікті өсімдіктерімен қатар, Қазақстанның басқа аймақтары мен шетелдерден әкелінген өсімдіктер де өсіріледі. Көпжылдық ғылыми жұмыстардың нәтижесінде мұнда еліміздегі ең ірі тірі өсімдіктердің генетикалық қорларының бірі қалыптастырылған. 

Қазіргі таңда ботаникалық бақта өңірдің «Қызыл кітабына» енген өсімдіктердің ондаған түрі өсіріледі. Мамандардың айтуынша, бұл қор сирек кездесетін өсімдіктерді сақтап қана қоймай, оларды табиғи ортада қайта түрлендіруге мүмкіндік береді.

Ольга Ануфриева, Алтай ботаникалық бағының аға ғылыми қызметкері:

Бақ қорындағы сирек өсімдіктердің бірі – «Келлер» түймедағы. Бұл өсімдік Қазақстанда тек Оңтүстік Алтайдағы «Мәрмәр» тауы аумағында ғана кездеседі. Мамандардың мәліметінше, табиғатта оның небәрі үш популяциясы анықталған. Сондықтан мұндай сирек кездесетін өсімдіктерді ғылыми жағдайда сақтау олардың жойылып кетуіне жол бермеудің маңызды тетігі саналады.

91 жылдан бері қызметтегі ботаникалық бақ Шығыс Қазақстан флорасының генетикалық қорын сақтайтын маңызды ғылыми орталық ретінде өз жұмысын жалғастырып келеді. 

Фатима Тілейханқызы