Облыста егін жинау науқаны қарқынды
Облыста егін жинау науқаны қарқынды
Облыс алқаптарында егін жинау науқаны жалғасуда. Жаздың ыстық болғанына қарамастан, диқандар биыл да мол өнім алуға үмітті. Қазір өңірдегі шаруашылықтарда дәнді дақылдарды жинау жұмыстары қызу жүргізілуде. Ұлан ауданының шаруалары биыл қанша өнім жинамақ, келесі сюжеттен көрейік.
Өңірде егіс алқаптарында егін жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Шаруалар бүгінге дейін арпаны жинап, орақ басын бидайға салды. Алдағы күндері жүгері мен күнбағысты түгелдей теріп алмақ. Жалпы, биылғы өнім қуаңшылыққа қарамастан жаман емес. Бастысы диқандар үшін жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеу маңызды. Өйткені ауа райы кез келген сәтте өзгеруі мүмкін. Сондықтан техника іс жүзінде тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Жиналған астық қамбаға жеткізіліп, онда тазаланады, қажет болған жағдайда кептіріледі.
Евгений Барков, шаруа қожалығы директорының орынбасары:
Қазір бидайды жинап жатырмыз. Айдың соңына қарай, шамамен дүйсенбі күнінен бастап, сүрлемге арналған жүгеріні жинауды жоспарлап отырмыз. Одан кейін, бидайдан соң, күнбағысты жинауға кірісеміз. Биыл егін егуге арналған жалпы жер көлемі — 3 300 гектар. Оның ішінде 900 гектарға бидай, 800 гектарға арпа, 1 000 гектарға күнбағыс және шамамен 267 гектарға жүгері егілді.
Аграрлардың айтуынша, арпа әр гектардан шамамен 16 центнер өнімділікпен жиналды. Ал басқа дақылдардың өнімділігі егін жинау науқаны толық аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Евгений Барков, шаруа қожалығы директорының орынбасары:
Қазір егін жинау жұмыстарына астық жинайтын комбайндар жұмылдырылған. Ал К-700 тракторы жиналып болған алқаптарда күздік жер жырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сабаны аласа жерлерде оны ұсақтаймыз, ал сабан жеткілікті болған алқаптарда жинап, орап қоямыз. Сол жақта екі пресс-жинағыштың жұмыс істеп тұрғанын көруге болады. Ал жүгеріні жинау жұмыстарына екі дана «Дон» маркалы сүрлем жинайтын комбайн тартылған.
Әсіресе, арпаны жинау жұмыстары оңайға соқпады. Соған қарамастан, механизаторлардың үйлесімді еңбегі мен техниканың үздіксіз жұмыс істеуінің арқасында өнімді дер кезінде жинап алуға мүмкіндік туды. Осындай алып техникаларды тізгіндейтін азаматтар — өз ісін жетік білетін тәжірибелі механизаторлар. Ал жаңа техникалар олардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, кей жағдайда еңбек етуге қолайлы жағдай да жасайды.
Алексей Тищенко, механизатор:
Мен бұл салада көп жылдан бері еңбек етіп келемін, жалпы еңбек өтілім 20 жылдан асады. Ал комбайн тізгіндеп жүргеніме биыл бірінші жыл. Бұған дейін де комбайнда жұмыс істегенмін, жалпы үлкен техникаларды басқардым, жер жырттым. Кейін комбайнға ауыстым. Қазір техникалар бұрынғыдай емес, әлдеқайда заманауи әрі жайлы. Механизаторларға барлық жағдай жасалған, тіпті кабинада кондиционер де бар.
Егін жинау науқаны жалғасуда. Алда шаруалар әлі бірнеше дақылды жинап алуы тиіс. Демек, егіс алқаптарындағы жұмыстар науқан толық аяқталғанға дейін жалғаса береді.
Лейла Слямбекова