Негізгі Жаңалықтар Облыс әкімі өз таңдауын жасады

Облыс әкімі өз таңдауын жасады

Бүгін ел өміріндегі маңызды саяси науқандардың бірі – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтуде. Таң сәріден сайлау учаскелеріне ағылған тұрғындар өз таңдауын жасап, мемлекет дамуының келешегіне қатысты азаматтық ұстанымын білдіруде. Осы ретте облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та өз таңдауын жасады.

Шаһардағы №1193 сайлау учаскесінде де сайлаушылардың қарасы қалың. Таңмен таласа келген тұрғындар өз таңдауын жасап, ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті. Себебі сайлау жай ғана дауыс беру емес, әр азаматтың ел ертеңіне деген жауапкершілігін танытатын маңызды сәт. Аталған сайлау учаскесіне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та отбасымен бірге келіп, өз таңдауын жасады. 

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Құрметті жерлестер қадірменді достар, бүгін біздің елімізде ерекше әрі тарихи күн. Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Бұл жай ғана саяси науқан емес, бұл шын мәнінде еліміздің дамуы азаматтық қоғам мен саяси мәдениетіміздің нығаюына жасалған маңызды бір үлкен қадам деп есептейміз. Мемлекет басшысы президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, бұл сайлау жаңа реформалардың басатуы, Қазақстанымыздың бүгінгі күнгі жаңа тарихының бастауы деп есептелінеді. 

Сайлау учаскесінде тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға да ерекше көңіл бөлінген. Дауыс беруге келген жұртшылық үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, арнайы жәрмеңке де ұсынылды. 

Аяужан Әшімова, ШҚО Қоғамдық кеңесінің төрайымы:

Жаңа ғана өз дауысымды беріп шықтым. Бұл мен үшін кезекті сайлау емес, бұл мен үшін мына Қазақстандағы саяси реформалардың көрінісі, тағы бір қадамы осы бағыттағы. Сондықтан бұл кезде әрбір азаматтың белсенді азмааттық ұстаным білдіруі дауыс беруге қатысуы өте маңызды деп санаймын. Себебі мына жалпы еліміздегі өзгерістердің дені азаматтың сырттан қарап отырмай, осы шешім қабылдау процесіне тікелей өзі араласуына негізделіп жатыр. 

Қала тұрғындары да сайлау учаскесіне көтеріңкі көңіл күймен келіп, өз таңдауларын жасады. Әр азамат үшін бұл елдің ертеңіне деген жауапкершілігін білдіретін маңызды қадам. Таңдау жасау арқылы тұрғындар қоғамның дамуына өз үлесін қосып, болашаққа деген азаматтық ұстанымын танытты.

Оралхан Оразғалиұлы, қала тұрғыны:

Алғаш рет осы құрылтайға дауыс бергелі тұрмыз енді бұл құрылтайдан үлкен үміт күтеміз. Халқымыз өркендей берсін, эканомикамыз өркендей берсін. Ел-жұртымыз аман болсын, халқымыз аман болсын.  

Сайлау учаскесіне келіп, азаматтық міндетін орындаған тұрғындардың қарасы әлі де толастар емес. Таңдауын жасаған әрбір тұрғын ел болашағына өз үнін қосты. Ал бұл ортақ мақсатқа бастайтын маңызды қадам. Құрылтай сайлауы арқылы азаматтар өз пікірін білдіріп қана қоймай, қоғамның дамуына қатысты ортақ ой-пікірдің қалыптасуына үлес қосуда.

Нұрдәулет Қалибеков

Бөлісу

Аймақтық телеарналар