Жәндіктер әлемі
Макрофотография — көзге көрінбейтін ұсақ-түйекті анық көруге мүмкіндік беретін, айналамыздағы үйреншікті әлемді өзгеше қырынан танытатын ерекше жанр. Макрофотографтың объективінде кішкентай жәндік басты кейіпкерге айналады. Өскеменде осындай ғажайып әлемді жеті жылдан астам уақыт бойы макрофотограф Ренат Мансуров зерттеп келеді. Ол ара, құмырсқа, көбелек пен өрмекшілерге нағыз фотосессия ұйымдастырып, өңір тұрғындарын жәндіктердің таңғажайып әлемімен таныстырып жүр.
Ренат Мансуровтың объективі алдында әр жәндіктің өзіндік әдет-қылығы, мінезі мен тарихы бар тұтас бір әлем ашылады. Мұның бәрін көру үшін сапалы техника мүмкіндігі жеткіліксіз. Жәндіктердің мінез-құлқы мен ерекшеліктерін білу маңызды. Сонымен қатар сәтті мезетті сабырмен күту керек.
Ренат Мансуров, макрофотограф:
«Әр жәндік — өзінше бірегей. Қазір біз сізбен бірге көбелекті түсіріп жатырмыз. Ол қарапайым сияқты көрінгенімен, күн ашық кезде ұшпайды, ал қазір гүлдің тозаңын жинап жүр. Мен мұндайды алғаш рет байқап тұрмын. Арнайы сақиналар мен қосымша құрылғылардың көмегімен линзаны қосып, кескінді бес есеге дейін үлкейте аламын».
Жәндіктер фотографтың өтініші бойынша әрі бір сәтті қайталамайды. Сондықтан әрбір сәтті кадр —төзім мен кәсіби шеберліктің нәтижесі. Кейде бұрын көзге түспеген нәрсені байқау үшін небәрі бірнеше секунд жеткілікті. Ренат Мансуров мұны «жәндіктердің өмірінен алынған хикаялар» деп атайды. Өйткені олардың шағын әлемінде үнемі бір нәрсе болып жатады, тек соны дер кезінде байқап қалу керек. Бұл өрмекшінің суреті Ренат Мансуровтың топтамасындағы ең танымал жұмыстардың бірі. Мұндай кадрды түсіру үшін фотографтың техниканы меңгеруі жеткіліксіз. Мұнда шеберлікті байқағыштықпен ұштастырып, жәндіктердің мінез-құлқы мен ерекшеліктерін жақсы білу қажет. Әрбір жаңа нысан өзіндік тәсілді талап етеді. Өрмекші бейнеленген бұл жұмыс АҚШ пен Үндістанда өткен халықаралық байқауларда «Үздік жәндік» номинациясы бойынша жоғары бағаланған.
Ренат Мансуров, макрофотограф:
Биологияны да білу керек. Жәндік өрмекшінің торына түскен кезде, көбінесе өрмекшінің аяғына жалғанған арнайы сигналдық жіп болады. Егер торға бір нәрсе түссе, өрмекші оны сезеді. Содан кейін ол жемтіктің қимылсыз қалғанын күтіп, торына шығады. Осындай биологиялық ерекшеліктерді білсең, өрмекшінің қашан шығатынын күтіп, бақылап тұруға болады.
Макрофотографтың ең кішкентай кейіпкерлермен фотосессия жасауға арналған тың идеялары көп. Алдағы уақытта — инелікті суретке түсіру жоспарында бар. Оны ең жылдам жәндіктердің бірі деп санайды, сондықтан мұндай кейіпкердің егжей-тегжейлі портретін жасау оңайға соқпасы анық. Дегенмен Ренат Мансуров өзі қалаған кадрды түсіре алатынына сенімді.
Салтанат Кеңесбекқызы