Жаңа футбол алаңы ашылды
Облыс орталығындағы балалардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін жаңа футбол алаңы ашылды. Спорт нысаны тұрғындардың көптен бергі тілегін орындап, инфрақұрылымды жақсартуға үлес қосып отыр. Енді балалар бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен айналысады.
Әл-Фараби көшесі, 40-үйдің ауласында жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді. 198 пәтерден тұратын бұл үйде 700-ге жуық бала бар. Енді жас тұрғындар спортпен айналысып, бос уақытын аулада тиімді өткізе алады. Жаңа нысан балалардың белсенді қимылдауына, футболмен тұрақты шұғылдануына және спорттық шеберлігін шыңдауына мүмкіндік береді. Гүлбақыт Макариева өзі тұратын осы үйдің мүлік иелері бірлестігін басқарып келеді. Ол Облыс әкімдігінің бұл бастамасына дән риза.
Гүлбақыт Макариева, Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
Бізге екі айдың ішінде футбол алаңын ұйымдастырып, салып бергеніне өте қуаныштымыз. Бұл алаң бізге аса қажет еді. Себебі осы үйде спортпен айналысатын балалар көп тұрады. Мұнда жасөспірімдер белгіленген кесте бойынша жаттығады. Олардың жасы – 5-тен 16 жасқа дейін. Ауланың аумағы да кең, орналасқан жері өте қолайлы.
Ержан Кулитаев, қала тұрғыны:
Бұдан екі жыл бұрын аулаға балалар ойын алаңы салынды. Өткен жылы аулаға толықтай кешенді жарықтандыру жүргізілді. Қазір біздің ауламыз ең жарық аулалардың біріне айналды. Ал биыл көптен күткен футбол алаңы пайдалануға берілді. Мұның барлығы жергілікті тұрғындардың белсенділігінің және әкімдік пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қолдауының арқасында жүзеге асып отыр. Бұл – мемлекетіміздің дұрыс саясатының, спортты дамытуға және жастарды қолдауға бағытталған жұмыстың нақты нәтижесі.
Жаңа футбол алаңының ашылуына қалалық спорт саласының өкілдері де қатысты. Мұндай нысандардың көбейуі бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп, жас спортшылардың жарқын келешегіне жасалған маңызды қадам екендігін атап өтті.
Диас Ерланұлы, Өскемен қ. дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы:
Осы бүгін ашылу салтанатына келіп отырмыз. Біздің президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен үлкен бағдарламалар іске асырылып жатыр. Сонымен қатар Сәтпаев көшесінде осындай двор салынып жатыр. Балаларға қандай керемет. Осымен спорт жасап, осындай дворлар арқасында үлкен чемпионаттарға балалар шығады.
Алаңқайда асыр салып ойнаған балалардың қуанышында шек жоқ. Көптен күткен футбол алаңының ашылуы олар үшін үлкен мерекеге айналды. Қазақ футболының көшін алға жетелейтін келешек жұлдыздар дәл осы алаңнан шығуы әбден мүмкін.
Әмір Төлеубек, мектеп оқушысы:
Біз осы футбол алаңын ұзақ күттік. Біз өте қуаныштымыз. Енді күнде кешке ойнаймыз. Өз денсаулығымызды күшейтеміз. Және болашаққа үлес қосамыз.
Бір ауланың тыныс-тіршілігіне жаңа леп берген бұл нысан енді балалардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналмақ. Доп қуған әр баланың арманына айналған алаңда алдағы уақытта талай тартысты ойын мен жаттығу өтетіні сөзсіз.
Бекарыс Энгельс