Ел болашағына жауапкершілік – әр азаматтың парызы
23 тамызда Қазақстанда Құрылтай сайлауы өтеді. Қазіргі таңда қоғамда жаңа өкілді органның рөлі және оны қалыптастыруға азаматтардың қатысуы кеңінен талқылануда. Құрылтай қоғамның мүддесі мен сұранысын білдіретін бастамаларды талқылайтын маңызды алаңға айналуы тиіс. Сондықтан алдағы сайлау науқаны саяси институттарға ғана емес, елдің болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматқа да қатысты.
Алдағы сайлау — әр азамат үшін маңызды қадам. Бұл арқылы халық елдегі өзгерістерге қатысты өз ұстанымын білдіріп, жаңа өкілді органның құрамын анықтауға қатысады. Сарапшылардың пікірінше, дауыс беру — үлкен жауапкершілік. Себебі сайлау учаскесіндегі әр таңдау Құрылтайдың құрамына, оның жұмысына және қабылдайтын шешімдеріне ықпал етеді.
Жандос Базарқат, Жас кәсіпкерлер ұйымының жетекшісі:
Менің ойымша, сайлау — бұл жай ғана мүмкіндік емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Бұл — өкілді биліктің қандай болатынына, қабылданатын шешімдердің сапасына, сондай-ақ қоғам мен мемлекет арасындағы сенім деңгейіне жауапкершілікпен қарау. Сондықтан әрбір азамат шет қалмай, өзінің азаматтық ұстанымын білдіруі маңызды. Өйткені мықты қоғам үкіметтен емес, ең алдымен азаматтардың өзінен және олардың белсенділігінен басталады.
Салтанат Кеңесбекқызы