Негізгі Жаңалықтар Құны 140 млрд. теңгені құрайтын жаңа энергоблоктың құрылысы басталды

Құны 140 млрд. теңгені құрайтын жаңа энергоблоктың құрылысы басталды

Шығыс Қазақстандағы ең ірі энергетикалық жобалардың бірі бастау алды. Өскемен жылу электр орталығында құны 140 миллиард теңгені құрайтын жаңа энергоблоктың құрылысы қолға алынды. Мамандардың айтуынша, жоба өңірдегі жылу тапшылығын азайтып, халық саны мен өндіріс көлемі артып келе жатқан облыстың энергия қауіпсіздігін нығайтады. Ауқымды жоба жайлы әріптесім Нұртас Қайролдаев тарқатсын.

Бұл өңірдегі энергия тапшылығын азайтып, жаңа тұрғын аудандар мен өндіріс орындарын тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазір Өскемен ЖЭО қаланың орталықтандырылған жылу жүйесіндегі қажеттіліктің 85 пайызын өтейді. Ал мамандардың есебінше, қалада жылу тапшылығы 287,8 гигакалорияны құрайды. Жаңа энергоблок іске қосылғаннан кейін бұл мәселені кезең-кезеңімен шешуге жол ашылады.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біздің Қазақстан Руспубликасының энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға осы бүгінгі шара өте маңызды деп санаймын. Үйткені жаңа энергоблок салынады. Бұл маңызды жоба. Неге десеңіз Өскемен қалсын жылу энергиясы мен электр энергисымен толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Жоба аясында сағатына 400 тонна бу өндіретін жаңа қазандық агрегаты мен қуаты 100 мегаватт болатын турбина орнатылады. Бұл тек жылу мен электр өндірісін арттырып қана қоймай, өңірдің энергетикалық резервін күшейтпек.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Жаңа энергоблоктың іске қосылуы Өскемен қаласын жылу және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге кепілдік береді. Бұл ең алдымен тұрғындарымыздың жайлы өмір сүруіне жасалып жатқан нақты іс-шара. Жоба аясында шамамен 500 ге жуық тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар жылумен қамтамасыз етіледі. Бұл нақты экономикалық әрі әлеуметтік нәтиже. 

Мамандардың айтуынша, жаңа энергоблок Өскеменнің алдағы онжылдықтағы дамуына қажетті қуат қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба барысында энергия өндірудің тиімділігін арттыратын және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтатын заманауи экологиялық технологиялар қолданылады.

Талғат Темірханов, Қазақстандық электр энергетикасы қауымдастығының төрағасы:

Энергетика саласында үш ірі жоба іске асуда. Бұл сол жоба солардың бірі. Бұл көмір генерациясын арттыруға бағытталған жоба. Алдыңғы 5-6 жыл ішінде кемінде 7 гигаваттан астам көмір генерациясы артатын болады. Бұл жоба экологиялық тұрғыдан айтатын болсақ ең озық технологияларға сай жоба болып саналады. Осы жобалардың арқасында алдағы 5-6 жылда электр энергия тапшылығын азайтатын боламыз. 

Жандос Тұраров, «Өскемен ЖЭО» ЖШС техникалық пайдалану жөніндегі директорының орынбасары:

Бұл жобаны іске асыру арқылы біз жылу тапшылығын азайтамыз. Сондай ақ құрылыс барысында қосалқы 500 жұмыс орыны ашылады. Жоба іске асқан соң қосымша тағы 53 жұмыс орындары болады адамдарға. 

Құны 140 миллиард теңгені құрайтын жоба 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Нәтижесінде жүздеген тұрғын үй мен әлеуметтік нысан тұрақты жылумен қамтылып, облыс орталығының энергетикалық қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтеріледі.

Нұртас Қайролдаев

Бөлісу