Негізгі Жаңалықтар Ағзалық донорлықты дамыту мәселелері талқыланды

Ағзалық донорлықты дамыту мәселелері талқыланды

Облыс орталығында ағзалық донорлық пен трансплантациялық көмекті үйлестіру мәселелері талқылануда. Екі күнге жоспарланған кеңеске медицина саласының жетекшілері мен бейінді мамандар қатысып, өңірдегі донорлық жүйені жетілдіру жолдарын қарастыруда. Шараны Денсаулық сақтау министрлігінің «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы» ұйымдастырып отыр.

Кеңестің мақсаты – заңнама талаптарын іске асыра отырып, донорлық жүйені одан әрі жетілдіру. Жиынға облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, медициналық ұйымдардың басшылары мен нефролог, гепатолог, кардиолог, пульмонолог, офтальмолог сынды бейінді мамандар қатысты. Бұдан бөлек, диализ орталықтары мен медициналық көмек көрсетуге қатысатын өзге де ұйымдардың өкілдері шақырылған. 

Қайрат Иманбаев, Республикалық транспланттауды үйлестіру орталығының аллокация бөлімінің басшысы:

Қазақстан бойынша 4 700-ден астам адам ағза трансплантациясына күту парағында тұр. Күту парағы деген тізім емес. Бұл бірнеше жыл тұрған адам күту парағынан алынады. Оның ішінде 4 700-ден астамның ең көбі бүйректе тұрған науқастар. Бұдан бөлек, бауыр, жүрек және өкпе үшін де күту парағында тұрған пациенттер бар. 

Ағзалық донорлықты дамыту үшін ең алдымен әлеуетті донорларды дер кезінде анықтау және медициналық ұйымдар арасындағы өзара байланысты күшейту маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жетілдіру трансплантациялық көмекке мұқтаж науқастарға уақытылы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Мамандардың мәліметінше, өңірде трансплантацияға 400-ден астам адам кезекте тұр. Олардың шамамен 320-сы бүйрек трансплантациясын күтуде. 

Лейла Исмағамбетова, Республикалық транспланттауды үйлестіру орталығының үйлестірушісі:

200 адамнан астам күту парағында тұр. Соның ішінде көп мұқтаж болып тұрғаны бүйрек. Бірақ, бүкіл әлемдесондай жағдай. Жүрекке, бауырға ондай себеп жоқ. Сол үшін де бүйрекке солай динамика бірқалыпты болып қала береді деп айтамыз. 

Кеңес барысында әлеуетті донорларды анықтау, ағзалық донорлықты ұйымдастыру, трансплантациялық үйлестірудің тиімділігін арттыру және медициналық ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту мәселелері қаралады. Екі күндік кеңес қорытындысы бойынша өңірдегі ағзалық донорлықты дамытуға бағытталған ұсыныстар әзірленіп, алдағы кезеңге арналған жұмыс бағыттары белгіленеді.

Роман Хрипунов, ШҚО трансплантология бойынша өңірлік үйлестірушісі:

Өңірлік үйлестіруші ретінде менің негізгі міндеттерімнің бірі – халықпен, қоғамның барлық топтарымен жұмыс жүргізу және ағзалық донорлықты дамыту. Мен бұл қызметке жақында, 2026 жылдың сәуір айында кірістім. Соған қарамастан қазірдің өзінде жақсы нәтижелер бар. Халықпен түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. 

Мамандардың пікірінше, мұндай кездесулер медициналық ұйымдар арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, ағзалық донорлық пен трансплантациялық көмекті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Фатима Тілейханқызы

Бөлісу

Аймақтық телеарналар