Негізгі Жаңалықтар «Mongol Rally» қатысушылары қалаға жетті

«Mongol Rally» қатысушылары қалаға жетті

Облыс орталығына халықаралық «Монгол Ралли» автосаяхатына қатысушылардың алғашқы легі жетті. Биылғы экстремалды сапарға әлемнің 26 елінен 120-дан астам команда қатысып отыр. Қатысушылар мыңдаған шақырымды еңсеріп, ұзақ әрі күрделі маршруттың соңғы нүктесі ретінде Өскеменді таңдаған. Раллиге қатысушылардың сапары тек автоспорт жарысы ғана емес, түрлі елдердің өкілдерін біріктіретін ауқымды халықаралық саяхатқа айналып отыр. Командалар жол бойында табиғи кедергілерді еңсеріп, техникаларының мүмкіндігін сынап, әр елдің мәдениеті мен табиғатымен танысады.

Жарты құрлықты басып өтіп, мыңдаған шақырым жолды еңсерген «Монгол Ралли» қатысушыларының ресми мәресі 22 тамызда Өскеменде өтеді. Әлемнің әр түкпірінен жиналған саяхатшылар мен экстремалды автосапар әуесқойлары үшін бұл ұзақ жолдың қорытынды нүктесі болмақ. Солардың бірі Италиядан келген саяхатшы әрі жарысқа қатысушы Джуилин Боттега. Ол осындай халықаралық додаға қатысып, шығысқа келгеніне дән риза екендігін жеткізді. Ол осыған дейін елдің бірнеше қаласында болған.

Джуилин Боттега, жарысқа қатысушы (Италия):

Иә, бұл раллиге бірінші рет қатысып отырмыз. Оның үстіне, Азияға да алғаш рет келуіміз. Шынымды айтсам, Қазақстанда болғанымызға өте қуаныштымыз. Ресейден келіп, Қазақстанның батыс жағын көрдік, кейін Өзбекстан арқылы өтіп, қазір елдің шығыс өңірін аралап жатырмыз. Қазақстан бізге қатты ұнап жатыр. 

Ал ұйымдастырушылар, бұл әлемдік дода жылдан жылға қарқынды дамып келе жатқанын айтады. Лондоннан бастау алған бұл жарыс Қазақстанда оның ішінде Өскеменде аяқталуы өңірдің туризмдік әлеуеті мен оның дамуына үлкен үлес қосады.

Талғат Дәулетов, Облыстық Туристік ақпараттық орталығы басшысының орынбасары:

Бүгінгі іс-шара негізгі атауы «Монгол Ралли» Негізгі бастауы Лондоннан. Осы Өскеменде аяқталады. 15 тамыз күні 8 команда келді, 20 қатысушы бар. 22 тамыз күні 50 ге жуық көлік келеді жүзден астам қатысушы болады 26 мемлекеттен.

Бұл спорттық жарыс қана емес, түрлі елдерден келген саяхатшылар бас қосып, өзара тәжірибе мен әсер бөлісетін халықаралық мәдени кездесу. Мұндай шаралар елдер арасындағы достық байланысты нығайтып, өңірдің туристік әлеуетін танытуға мүмкіндік береді.

Нұрдәулет Қалибеков

Бөлісу

Аймақтық телеарналар