Семсерлесуден жастар арасында ел чемпионаты
Облыс орталығында семсерлесуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Елдің әр аймағынан жиналған спортшылар алдағы апта ішінде республика үздіктерін анықтайды.
Жекпе-жек сарайында жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Өңір басшысы спортшылардың сәтті өнер көрсетіп, жаңа спорттық жетістіктерге жетулеріне тілектестік білдірді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Бұл чемпионат еліміздің жас спортшыларының, семсерлесушілердің өз шеберліктерінің осындай жарыстарда шыңдап, тәжірибе жинақтап, спорттағы жаңа ұмnылsстарға, болашақтағы осы спорт түрінен еліміздің құрамасында өнер көрсетуге мүмкіндік беретін үлкен бір жарыс деп айта аламыз. Біздің барлық қатысушыларға біз үлкен сәттілік тілейміз,әділ бәсеке, жоғары нәтижелер көрсетеді деп сенеміз, әрбір спортшы өзінің шеберлігін барынша көрсетіп, жеңіске деген жігерін осы жарыстарда танытсын.Барлықтарыңызға сәттілік.
Байрақты бәсекеде еліміздің 8 облысынан келген 100-ден астам жас спортшы өзара бақ сынауда. Жарыс семсерлесудің үш түрі – семсер, қылыш және рапир бойынша өтуде. Біріншілікте үздік нәтиже көрсеткен спортшылар, «ҚР Спорт шебері» атағын алуы мүмкін.
Мергүл Абиева, бас төреші:
Бұл турнир 23 жасқа дейінгі спортшылардың арасындағы Азия біріншілігіне іріктеу десек болады. 1 орын алған спортышларға спорт шебері атағы беріледі.Жарыс бір аптаға жалғасады. Спортшылар үш түрлі санат бойынша, жекелей және командалық жарыста сынға түседі.
Бірінші жарыс күнінде ерлер арасындағы жекелей сында семсерлесуден жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде Ақтөбе облысының спортшысы Александр Федотов қарсыластарынан басым түсіп, жарыстың жеңімпазы атанды. Ал күміс жүлде алматылық Нұржан Абжановқа бұйырды. Шымкенттік Нұрмұхамед Балтабай мен шығысқазақстандық Богдан Лукин үздік үштікті түйіндеп, қола жүлдеге ие болды
Александр Федотов, Семсерлесуден 23 жасқа дейінгі ҚР чемпионатының жеңімпазы:
23 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатында бірінші орын иелендім. Турнир өте жақсы деңгейде өтіп жатыр. Өскемен қаласы әдеттегідей барлығын жоғары деңгейде ұйымдастырған.Финалдық жекпе-жек оңай болған жоқ. Соңғы сәтке дейін теңбе-тең келе жаттық. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын.
Семсерлесу – шапшаңдық пен дәлдікті, ептілік пен жоғары дайындықты талап ететін спорт түрі. Жарысқа қатысқан жас спортшылар үшін бұл дода тәжірибе жинап, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді. Ал жеңімпаздар алдағы республикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауға жолдама алады.
Бекарыс Әмірбек