Қуыршаққа жан бітірген шебер
Қуыршақ театры – көрерменге ертегі әлемін ұсынатын ерекше өнер. Алайда аймақта бұл бағыттың кең қанат жая қоймағаны рас. Соған қарамастан, қуыршақ өнерін дамытып, сахнадағы мүмкіндігін арттыруға еңбек етіп жүрген өнер иелері бар. Солардың бірі – Сырым Маратбекұлы. Ол тек қуыршақтарды сахнада ойнатып қана қоймайды, әр кейіпкерді өз қолымен жасайды.
Бір қарағанда қуыршақ жасау оңай көрінуі мүмкін. Алайда оның әрбір бөлшегін дайындау, пішінін келтіру, бояуын таңдау, қозғалысын ойластыру – үлкен еңбекті талап етеді. Әсіресе сахнаға арналған қуыршақтың сыртқы келбеті ғана емес, оның қимыл-қозғалысы да маңызды. Себебі қойылым кезінде актердің эмоциясын көрерменге жеткізетін негізгі құралдың бірі – қуыршақ.
Сырым Маратбекұлы, қолөнер шебері:
Қуыршақтың бала тәрбиесіндегі орны қалай айтсам болады, орны бөлек. Өйткені өлі атты тірілтіп, баланы сендіру ол қуыршақ мамандарының ең бірінші алдына қоятын мақсаттарының бірі. Менің қуыршағым кәдімгі тірі жануар сияқты сөйлеп, тірі жануар сияқты пластикасын көрсетіп,адамды сендіру.
Сырым Маратбекұлымен жиырма жылдан астам уақыт бойы бірге еңбек етіп келе жатқан тігінші Екатерина Глинина оның шығармашылық жұмысына елеулі үлес қосып келеді. Ол қуыршақтардың киімін тігіп, пішіп, әрбір кейіпкердің бейнесін ашуға атсалысады. Екеуін табысты байланыстырып келе жатқан нәрсе – ортақ қызығушылық пен ертегі әлеміне деген сүйіспеншілік. Екатерина да ертегі кейіпкерлерін ерекше жақсы көреді. Сондықтан олардың шығармашылық серіктестігі жылдар бойы жалғасып, ортақ іске деген ықылас пен шынайы қызығушылыққа ұласып келеді.
Екатерина Глинина, тігінші:
Сырыммен біз 20 жылдан астам уақыт бірге жұмыс істейміз. Қойылым костюмдерінің дизайнын суретші ойластырады. Бірақ оның басым бөлігін біз өзіміз ұсынамыз, ойымызды айтып, бағыт-бағдар береміз. Ал соңында сол идеяларды жүзеге асырамыз. Әр актер өзінің костюмі кейіпкерінің мінезіне, болмысына сай болғанын қалайды. Яғни актердің бейнесі мен костюмі бір-бірімен үйлесіп, кейіпкердің характерін толық ашуы маңызды. Бір спектакльдің өзінде шамамен 25 немесе одан да көп костюм болады. Ал біз жылына 10-12 спектакль қоямыз. Есептей берсеңіз, қанша костюм тігілетінін өзіңіз-ақ бағамдай аласыз. Өте көп. Қуыршақтың түріне, қойылымдағы рөліне қарай костюм дайындалады. Барлығы осы ерекшеліктерге байланысты. Әрине, қуыршақтардың көлемі әртүрлі. Ертегі кейіпкерлері көп болғандықтан, олардың костюмдері де өте қызықты. Кейде көп уақыт кетсе, кейде аз уақыттың ішінде дайын болады. Бір қызығы, кішкентай қуыршаққа арналған костюмді тігу үлкен адамға арналған костюмнен де күрделірек. Сондықтан әр жұмыс барысында түрлі тәсілдерді қолданып, тәжірибе жасап отырамыз.
Өнер иесінің қолынан шыққан қуыршақтар облыстық драма және оперетта театрының қойылымдарында қолданылып жүр. Көрермен үшін бұл – сахнадағы кейіпкер болса, шебер үшін оның артында бірнеше күндік, кейде апталық еңбек тұр.
Аяулым Усинова