Облыста жастар кәсіпкерлігін қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар өз нәтижесін беріп келеді. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие, гранттар және оқыту бағдарламалары арқылы жас кәсіпкерлерге өз ісін бастауға мүмкіндік берілуде.Осындай қолдаудың игілігін көргендердің бірі – өскемендік кәсіпкер Саят Шаяхметов. Ол мемлекеттік грант пен жеңілдетілген несие алып, тау спорты мен белсенді демалысқа арналған арнайы киім тігетін өндірісті дамытып отыр. Бүгінде кәсіпорында бірнеше адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жастар кәсіпкерлігін дамыту – ел экономикасын қолдаудың маңызды бағыттарының бірі. Бүгінде өз ісін бастағысы келетін азаматтарға түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен қаржылық қолдау тетіктері ұсынылуда. Солардың бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Қор жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие алу, бизнес-жобаларды сүйемелдеу және кеңес беру қызметтерін ұсынады.

Нұркен Абдуллин, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ШҚО бойынша аймақтық филиал директорының орынбасары:

Бүгінде жастар кәсіпкерлікті қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізудің, өзін-өзі қамтамасыз етудің және жеке ісін бастаудың тиімді жолы ретінде қарастырады. Сонымен қатар, жас кәсіпкерлер бастапқы капиталдың жеткіліксіздігі, кәсіп жүргізу тәжірибесі мен дағдыларының аздығы сынды қиындықтарға жиі ұшырасады. Әсіресе, өз кәсібін ашуға ынталы болғанымен, оны жүзеге асыруға мүмкіндігі жете бермейтін жастар үшін бұл өзекті мәселе.Осындай жағдайда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары мен «Даму» қорының қаржылық құралдары маңызды рөл атқарады. Бүгінде «Даму» қоры кәсіпкерлікті жаңадан бастаған жастарға да, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге де бірнеше қолдау тетігін ұсынады. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге жеңілдетілген шарттармен тікелей қаржыландыру, сондай-ақ несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралдары қарастырылған.

Мамандар жастарды кәсіп ашуға ынталандыру экономикалық белсенділікті арттыратынын айтады. Әсіресе жастарға арналған жеңілдетілген несие мен мемлекеттік гранттар кәсіп бастауға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Саят Шаяхметов бұл қолдауды тиімді пайдаланып, шамамен 5 млн. теңге көлеміндегі жеңілдетілген несие алған. Бүгінде оның тау спорты мен демалысқа арналған киімдер тігетін цехы тұрақты жұмыс істеп, өнімдерге сұраныс артып келеді. Бұл – мемлекеттік қолдау мен жастар бастамасының нәтижелі үйлесімі, дейді ол.

Саят Шаяхметов, кәсіпкер:

2023 жылы грантқа қатыстым 5 млн-дық. Сол кезде қатысып, ұтып алдық көрсеткен сумманы. Бұл проектыны алып, комиссияның алдында дәлелдедік, қорғадық. Шарт бойынша керек қаражаттарды алдық. Тігін машиналарын, арнайы аппараттарды алдық. Кейін оны тексерістен өткіздік, барлық документациясын. Келесі жылында жеңілдетілген несие болды, 2,5 пайызбен жастарға арналған. Соған қатыстық, сол жерде өзіміз проект қорғадық. 

Саят Шаяхметов – Қатонқарағай ауданының тумасы. Жастайынан тігін тігуге қызыққан ол сүйікті ісін өмірлік кәсібіне айналдырған. Ол бүгінде мембраналық материалдан жоғары сапалы сырт киімдер мен белсенді демалысқа арналған бұйымдар тігетін бірегей жобаны жүзеге асырып отыр. Бұл бағыт Қазақстанда кең тарала қоймаған жаңа кәсіп түрі. Оның өнімдері қолайлы, сапалы әрі жергілікті табиғат жағдайына бейімделген. Киім топтамаларына «Сонар», «Мұзтау» сияқты атаулар берілген. Бұл атаулар Қатон-Қарағай өңірінің табиғатын, биік таулары мен мұзды шыңдарының сұлулығын бейнелейді. Кәсіпкердің бұл бастамасы ұлттық нақыш пен заманауи технологияны ұштастырып, отандық өнімнің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашып отыр. Бүгінде отандық брендтің дамуына үлес қосып жүрген мамандардың бірі – Ботагөз Бақтыбаева тәжірибелі тігінші. 

Ботагөз Бақтыбаева, тігінші:

Жұмыс іздеп жүрген кезде біздің отандық брендке қатысты хабарландыруды көрдім. Оның үстіне бұл кәсіпорын қаламызда орналасқандықтан қызығушылық таныттым деп ойлаймын. Мұнда жұмыс істеп жүргеніме шамамен бір жылдың жүзі. Негізгі міндетім – шалбар тігу. Көбінесе жаздық және қыстық шалбарлар мен жартылай комбинезондарды тігемін. Жұмыстың алғашқы кезеңінде қиындықтар әрине болды. Бір жарым айдың ішінде жұмысқа толық бейімделіп, барлық үдерісті меңгеріп алдық. Қазір ешқандай қиындық жоқ, үлгілер мен пішімдерді толық меңгердім. 

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы жастарға кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстары ұйымдастырылып келеді. Биыл 100-ден астам жас жолдама алып, олардың 67-сі оқу курстарын сәтті аяқтады. Сонымен қатар, жыл сайын әлеуметтік осал топтағы азаматтарға мемлекеттік гранттар беріледі. Өткен жылы бұл қолдау шарасына 71 жас ие болды. Ал биыл да 35 жасқа дейінгі жастарға арналған гранттар қарастырылған. Алдағы уақытта да жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасады.

Аяулым Усинова