Облыс орталығында заманауи құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорын жиырма жылға жуық уақыт табысты жұмыс істеп келеді. Осы жылдар ішінде өндіріс ауқымы айтарлықтай кеңейіп, бүгінде мұнда шатыр жабындары, қасбеттік материалдар мен абаттандыруға арналған өнімдер шығарылады. Кәсіпорын өндірістік қуатын ұлғайтып, жаңа бағыттарды игеруді жалғастырып келеді.

Кәсіпорын өз жұмысын 2007 жылы бастаған. Бүгінде компания профнастил, металл черепица, қасбеттік панельдер, су ағар жүйелері, металл сайдинг және өзге де өнім түрлерін шығарады. Кәсіпорынның филиалдары өз өңірімізден бөлек, көршілес Абай облысында және республиканың бірнеше қаласында орталықтары жұмыс істейді. Ал өндірілген өнім түрлері еліміздің әр аймағына жеткізіледі.

Евгений Черенько, көтерме сауда бөлімінің аға менеджері:

Біздің зауыт – Шығыс Қазақстандағы осы бағыттағы жалғыз өндіріс орны. Өнімдеріміздің сапасы барлық қажетті сертификаттармен расталған, сондай-ақ кәсіпорын Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген. Түрлі түстер мен қалыңдықтағы өнімдер жеке тұрғын үй иелерінің де, ірі өндіріс орындарының да сұранысын толық қамтамасыз етеді. Серіктестерімізге металл сайдинг, қасбеттік кассеталар, сызықтық панельдер, профнастил, металл черепица және басқа да жоғары сапалы өнімдер ұсынылады. 

Еуробрус металл сайдингтің ең сұранысқа ие түрлерінің бірі. Ол желімделген ағаш бөрененің пішінін қайталай отырып, металдың беріктігі мен монтаждаудың ыңғайлылығын сақтайды. Осы өнімді шығаратын желіде Наталья Кушнерева екі жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, мұнда өндіріс көлемі метрмен ғана емес, шақырыммен де есептеледі. Есте қалған ең ірі тапсырыстардың бірі – ұзындығы шамамен үш шақырым болатын дайын өнім.

Наталья Кушнерева, прокаттау станогының операторы:

Қазіргі таңда біз еуробрус шығаратын металл сайдинг станогында жұмыс істейміз. Бұл өнім ғимараттардың қасбетін қаптауға қолданылады. Түрлі түсте шығарылады. Мысалы, кәдімгі жасыл түсті және қазіргі таңда өндіріліп жатқан жасыл күңгірт түсті өнімдер бар. 

Компанияның өндірісі үш цех пен 29 өндірістік желіден тұрады. Бұл жоғары сапалы өнімді тұрақты көлемде шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда кәсіпорын өндірісті одан әрі дамытып, үш жаңа желіні іске қоспақ. Соның нәтижесінде қоршаудың екі жаңа түрі мен заманауи профнастил өндірісі жолға қойылады.

Дмитрий Синицын, өндіріс басшысы:

Қазір біз екінші цехтамыз. Мұнда 14 өндірістік желі орналасқан, оларда 8 оператор еңбек етеді. Өндіріс штрипстен, яғни рулонды металдан кесілген металл жолақтан басталады. Сол дайындаманы өңдеп, дайын өнім шығарамыз. 

Кәсіпорын құрылыс материалдары нарығындағы өз позициясын одан әрі нығайтып, өндіріс көлемін кеңейту мен жаңа технологияларды енгізу арқылы тұрақты дамуын жалғастыруда. Өндірістік қуаттарды ұлғайту және заманауи технологияларды пайдалану өнім сапасын жақсартып, тұтынушылар сұранысын тиімді қанағаттандыруға мүмкіндік беруде.