Аймақта «Кітап оқитын ұлт» ұлттық жобасы қолға алынды. Осыған орай облыс әкімдігінде жоғары оқу орындары, колледждер, білім беру ұйымдары мен кітапхана саласының өкілдері бас қосты. Жобаны өңірде жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Президенттің биылғы Жарлығына сәйкес өңірде кітап оқуды насихаттауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Сондай-ақ республикалық қоғамдық ұйымдармен бірлескен жобалар жүзеге асырылмақ.

Ербол Нұрғалиев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру осында залда отырған баршамыздың міндетіміз. Біз енді оған байланысты тиісті бағдарламалар бар, шаралар бар, атап өткен жоба өте бір керек жобаның бірі деп есептейміз. Нәтижесін береме деп, осы қорды осында шақырып, арнайы кездесу өткізіп отырғанымыз сол.

Ал «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сақошевтің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – алдағы он жыл ішінде Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он мемлекеттің қатарына қосу. Биыл жоба еліміздің барлық өңірін қамтып, 2 млн. астам тұрғынды тартуды көздейді. Республика бойынша кітап марафоны, әдеби кездесу, кітап алмасу акциялары мен өзге де зияткерлік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Аян Сақошев, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры:

Бұл марафонға біздің осы өңірдегі мектеп оқушылары студенттер, сонымен қатар осы әртүрлі сала өкілдерінің мамандары қатыса алады. Олар жарты жыл ішінде әрбіреуі 15 кітаптан оқып шығуы керек. Арнайы марафон ұйымдастырылады, оның аясында әртүрлі шаралар, куиздер, тестілеу басқа да шаралар ұйымдастырылады. Арнайы жүлде қоры қалыптасатын болады үздік деп танылған біздің қатысушыларға, оқырмандарға арнайы 600 мың теңге, 450 мың теңге республикалық деңгейде млн теңге форматында мотивациялық қаржылық сыйлықтар қарастырылатын болады. 

Ұлттық жоба жеті бағытты қамтиды. Қатысушылар SmartNation платформасына 15 тамыздан бастап тіркеледі. 

Қажұмқан Оспанғалиев, Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінің директоры:

Жастар өркениетті елге ұмтылатын болсақ осы кітап оқумен айналысу керек. Бұл жұмыс қазір де жүзеге асырылып жатыр колледжерде өйткені студенттер алғаш келген кезде техникалық кәсіптік, басқа бағытпен ғана кетпей, рухани да азығы болуы керек. Оған жеткізетін осы оқулықтар, әртүрлі пәндер арқылы іске асырып жатырмыз. Осы жобаға біз ат салысып өз тарапымыздан ұйымдастыру жағын істеп, қызықты қылып өткізуге талпынатын боламыз. 

Жиын соңында тараптар кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріптеу, жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру және Президент Жарлығында белгіленген міндеттерді өңірде бірлесіп іске асыру мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Гүлдана Айдарқызы