Өңірде балық шаруашылығы саласының мамандары марапатталды. Аталған шара өңірдегі балық шаруашылығын дамытуға ұзақ жыл сүбелі үлес қосқан ардагерлер мен білікті мамандардың басын қосты.

Елімізде жыл сайын шілде айының екінші жексенбісінде балықшылар күні аталып өтеді. Мереке қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты жиында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов сала қызметкерлеріне алғыс хаттар мен төсбелгілерді табыстады.

Дархан Сапанов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Балық шаруашылығы – үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін кәсіп. Балықты аулаумен қатар, оны өңдеп, сапасын сақтап, тұтынушыға жеткізу де осы сала мамандарының міндеті. Жағалау тұрғындарының көбі бұл кәсіпті атадан балаға жалғастырып келеді. Барша балық шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын.

Салаға қосқан үлесі үшін «Ауыл шаруашылығының үздігі» медалі Зайсан-Ертіс облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Талғат Рахимжановқа берілді.

Талғат Рахимжанов, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

Бүгінгі күнде бізде мақтан тұтар айтарлықтай балық шаруашылығы өзіміздің Ертіс бассейнінде мемлекеттің қолдауының арқасында өте өршіп дамып келеді. Қазіргі күні облыс көлемінде су шаруашылығында 3 700 тонна тауарлы балық өсіру жоспарланса, соған жетуге үлкен қадамдармен кележатырмыз. Қазіргі күні инвесторлар тарту арқылы алдағы уақытта 1 миллиард көлемінде өз қаражаттарын құюға екі мекеме дайын тұр. Бұқтырма су қоймасында балық өсіруге келісімдер алуға жоспарлап, келіп жатыр. Бұның бәрі біздің алдағы уақытта балық шаруашылығын дамытуға өте үлкен үлес қосады. Қазіргі күні мемлекет тарапынан соңғы 3 жылда дамытуға 1 миллиардтан артық субсидия беріліп жатыр. 

Бала күнінен көл жағасында еңбек етіп, балық аулаған Тоқтарбек Рамазанов балық шаруашылығы саласының «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Ол 45 жыл тынбай еңбек еткен.

Тоқтарбек Рамазанов, «Еңбек ардагері» медалінің иегері:

Көп жылдық еңбегімді елеп, ардагер деген медальмен марапатталып отырмын. Оған көп рахмет! 45 жыл осы балық системасында жұмыс істедік. Балық институтын бітірдім Астраханның. Барлық өмірімді осы балық ауылшаруашылығына, әсіресе ЩҚО Зайсан өңірінің Зайсан балық комбинатында істедім. 

Марапат алғандардың қатарында басшылар мен сала ардагерлері ғана емес, күн сайын өндірісте еңбек етіп жүрген мамандар да бар. 

Мария Асаубаева, «Байтоғас» АӨК қызметкері:

Өте қуанып тұрмын. Бұны бағалап, елеп ескеріп жатқан балық шаруашылығы басшыларына, облыс әкімшілігіне үлкен рахметімді айтамын. Еңбектеріңіз жемісті болсын. Еңбектеріңіз еселене берсін. Халықтың алғысына бөлене беріңіздер! Бүгінгі марапат алған барлық марапат иелерін құттықтаймын! 

Мамандардың айтуынша, өңірде балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Алдағы мақсат – өндіріс көлемін ұлғайтып, саланың әлеуетін арттыру.

Кәусар Идаятқызы