Болгарияда өткен Еуропалық география олимпиадасында «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары Әмір Дарынов пен Алан Козленко ел намысын абыроймен қорғап, жүлдегер атанды. Халықаралық білім додасынан оралған жеңімпаздарды әуежайда ата-аналары, ұстаздары мен достары салтанатты түрде қарсы алды.

Халықаралық білім додасында қазақстандық оқушылар тағы бір мәрте жоғары нәтиже көрсетті. Еуропалық география олимпиадасында Шығыс Қазақстандағы «Білім-Инновация» лицейінің екі оқушысы қола жүлдеге ие болып, білімнің шекарасы болмайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Рахман Оксюз, Білім-инновация лицейінің директоры:

Бүгін біз үшін өте бір тарихи күн. Өйткені лицейіміздің 2 оқушысы халықаралық дүниежүзі география олимпиадасының жүлдегері болып аталды. 

Биыл бұл олимпиадаға 13 елден жүзден астам оқушы қатысқан. Ел құрамасы тоғыз қатысушымен бақ сынаса, олардың екеуі - «Білім-Инновация» лицейінің шәкірттері.

Әмір Дарынов, оқушы:

Олимпиада үш кезеңнен тұрды: жазбаша, мультимедиялық және практикалық, яғни далалық тур. Әр кезеңнің өзіндік қиындығы болды, әрқайсысы ерекше дайындықты талап етті. Биыл олимпиада өте жоғары деңгейде өтті.

Алан Козленко, оқушы:

Бұл – менің халықаралық олимпиадаға алғаш рет қатысуым. Сондай-ақ алғаш рет шетелге шықтым. Барлығы өте қызықты болды. Олимпиада тапсырмалары күрделі екен. Әсіресе бірінші тур республикалық олимпиадамен салыстырғанда ауқымды өтті. Жалпы, бәрі өте қызықты өтті. Олимпиададан бөлек, бізді экскурсияларға апарды. Саябақтарды аралап, жергілікті монастырьлардың бірін көрдік.

Әр жеңістің артында тынымсыз еңбек жатыр. Ұстаздар мен ата-аналардың қолдауы оқушыларға биік белестерді бағындыруға жол ашты.

Алмагүл Жамбылова, А. Козленконың анасы:

Біз бұл олимпиадаға ұзақ уақыт бойы үлкен жауапкершілікпен дайындалдық. Дайындыққа арналған оқу жиындарын ұйымдастырған білім бөліміне алғысымыз шексіз. Биыл да өте қиын болды, өйткені ҰБТ мен мемлекеттік емтихандарға қатар дайындалдық. Сондай-ақ бізге әрдайым қолдау көрсетіп, балалар мен ата-аналарға жан-жақты көмектескен сүйікті лицейімізге ерекше алғысымызды айтамыз. 

Жас таланттардың алар асуы әлі алда. Ендігі мақсат - халықаралық аренада топ жарып, ел қоржынын алтын медельмен толықтыру.

Аяулым Усинова