Шығыс Қазақстан балдың отаны. Себебі, бүгінде елде өндірілетін балдың шамамен жартысына жуығы өңірдің үлесіне тиесілі. Көктем келісімен маусым аяқталғанға дейін омарташылар күн-түн демей еңбек етеді. Араларға күтім жасайды. Тәртіп басты орында. Сондықтан ішкі нарыққа шығарылатын өнім сапасы талапқа сай болуы да маңызды. 

Бұл Глубокое ауданындағы Веселое ауылы. Мұнда омарташы Петр Чащин тұрады. Ол бал өндірісін жолға қойып, тынымсыз еңбек еткеніне 15 жылдан асты. Чащиндер әулетінде омарташылық ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан кәсіп. Бір кездері Петрдің әкесі қолға алған шаруаны кейін ағасы жалғастырды. Ал бүгінде ата кәсіптің тізгінін Петр Васильевичтің өзі ұстап отыр. Оның омартасында бүгінде 80 ара ұясы бар.

Петр Чащин, омарташы:

Қазір бізде жақсы сыналған карника тұқымы бар. Сонымен қатар бакфаст тұқымын да бақылап жүрмін. Оның біздің өңірдің табиғи жағдайына қалай бейімделетінін көргіміз келеді. Егер өзін жақсы жағынан көрсетсе, осы тұқымды көбірек өсіреміз. Мұндай аралармен жұмыс істеу де өте қолайлы. Әртүрлі ара тұқымдарын бақылау да қызық. Барлығы бір жәндік болғанымен, әр тұқымның өзіне тән ерекшелігі мен мінез-құлқы бар.

Өңірдегі сан алуан гүлдер мен өсімдіктердің молдығының арқасында мұнда балдың бірнеше түрі өндіріледі. Олардың әрқайсысы өзіндік дәмімен, хош иісімен және пайдалы қасиеттерімен ерекшеленеді. Бұл өңірде бал жинау маусымы жылына екі рет өтеді. Алайда Петр Васильевич балды маусымына бір-ақ рет алады. Бір ара отбасы бір маусымда орта есеппен 35-50 келіге дейін бал береді. Дұрыс сақталған жағдайда бал өзінің дәмдік қасиеті мен пайдалы құрамын ұзақ жылдар бойы жоғалтпайды. Археологтардың үш мың жылдан астам уақыт бұрынғы бал сақталған ыдыстарды табуы да соның айқын дәлелі.

Петр Чащин, омарташы:

Біз тек толық пісіп-жетілген балды ғана аламыз. Сондықтан мұндай бал ұзақ уақыт бойы сапасын жоғалтпай жақсы сақталады. Балдың сұйық немесе кристалданған күйде болуы оның қандай өсімдіктен жиналғанына байланысты. Мысалы, акация гүлінен жиналған бал сұйық күйін ұзақ сақтайды. Ал Шығыс Қазақстан облысында, соның ішінде Глубокое ауданында негізгі бал өнімі сан алуан шөптен жиналады. Сондықтан мұндай бал уақыт өте келе міндетті түрде кристалданады. Бұл – оның табиғи екенінің басты белгісі. Ал қант шәрбаты немесе қолдан жасалған өнім ешқашан бал сияқты табиғи түрде кристалданбайды. Нағыз бал әуелі сұйық болады, кейін уақыт өте қоюланып, кристалданады. Егер оны аздап жылытса, қайтадан сұйық күйге келеді.

Шығыс қазақстанның балы тек республикамен шектелмей, Еуропаға да экспортталады. Себебі табиғи өнімнің емдік қасиеті жоғары.Сондықтан сұраныс жыл сайын артып келеді.

Салтанат Кеңесбекқызы