Негізгі Жаңалықтар Ерекше монеталар топтамасы

Ерекше монеталар топтамасы

Өскемендік нумизмат ел аумағында ерте заманда мекендеген динозаврлардың бейнесі салынған ерекше монеталар топтамасын жасаған. Оның жеке коллекциясында бір жарым мыңнан астам жәдігер бар. Жинақтың едәуір бөлігі Қазақстан тарихына арналған – сирек кездесетін заманауи монеталардан бастап, Алтын Орда дәуіріне тиесілі нумизматикалық жәдігерлерге дейін.

Ильшат Исхаков - көп жылдан бері нумизматикамен айналысып келе жатқан коллекционер. Оның қорында әлемнің түрлі елдерінен жиналған бірегей монеталар бар. Коллекционердің айтуынша, олардың әрқайсысы жай ғана жинақ үшін алынған дүние емес, өткенді тереңірек тануға, әр дәуірдегі оқиғаларды түсінуге және әлемнің қалай өзгергенін байқауға мүмкіндік беретін өзіндік тарихи дереккөз.

Ильшат Исхаков, нумизмат:

Барлық құндылығы тарихи және мәдени маңызында жатыр. Монеталар – белгілі бір тарихи оқиғалардың куәгері. Оларда сол кезеңде өмір сүрген адамдардың бейнесі, жануарлар және басқа да көптеген қызықты дүниелер бейнеленеді.

Ильшат Исхаков коллекциясында әртүрлі дәуірлер мен мемлекеттерге тиесілі монеталар бар. Ішінде Алтын Орда дәуірінің жәдігерлері ерекше орын алады. Олар Қазақстан тарихын көзбен көріп, қолмен ұстағандай сезінуге мүмкіндік береді.

Ильшат Исхаков, нумизмат:

Бұл – Алтын Орда дәуірінің монеталары. Олар бұдан бес жүз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан аумағында айналымда болған. Көпшілігі бізге жақсы сақталмаған күйде жетті. Соған қарамастан, бұлар – Қазақстанның көне тарихының құнды жәдігерлері.

Алайда Ильшат Исхаковтың қызығушылығы нумизматикамен ғана шектелмейді. Ол палеонтологияға да ерекше қызығады. Осылайша екі әуестігін бір жобада тоғыстырып, ежелгі жануарлар бейнеленген монеталардың жеке топтамасын жасаған. Коллекционер олардың сыртқы бейнесін барынша дәл беруге тырысады. Оның айтуынша, интернетте динозаврлардың шынайы бейнесіне сәйкес келмейтін суреттер жиі кездеседі. Сондықтан ол тарихи әрі ғылыми деректерге сүйене отырып, неғұрлым нақты бейнелер жасауды мақсат еткен.

Ильшат Исхаков, нумизмат:

Бұл монетаны өзім жасаған эскиз бойынша әзірледім. Мұнда Қазақстан аумағында мекендеген динозавр – Аралазавр бейнеленген.

Ильшат Исхаков орталық балалар кітапханасының меңгерушісі болып жұмыс істейді. Мұнда ол тұрақты түрде динозаврлар клубының отырыстарын өткізіп, балаларға қазіргі Қазақстан аумағында мекендеген ежелгі жануарлар туралы әңгімелейді. Нумизмат әр экспонатты жасауға ерекше жауапкершілікпен қарайды. Ол ғылыми деректерді зерттеп, ежелгі жануарлардың сыртқы бейнесін барынша дәл қалпына келтіруге тырысады.

Амангүл Мырзабаева, кітапханашы:

Ильшат динозаврлар туралы әңгімелегенде, жай ғана қызығушылық емес екені көрініп тұрады. Бұл – оның өз ісіне деген үлкен махаббаты. Ол өте қызықты әңгімелейді, бәрін терең зерттейтіні байқалады. Бұл – оның әлемі. Оның үстіне, өзі сурет салып, осындай дүниелерді қолымен жасайды.

Нумизмат өз еңбектерін миллиондаған адамның көргенін армандайды. Ол бір күні өзі жасаған монета эскиздері металға түсіріліп, арнайы соғылып, тарихта қалатынына үмітті. Оның жобасы нумизматика мен палеонтологияны тоғыстырып, монетаны ежелгі әлем туралы сыр шертетін ерекше құралға айналдырып отыр.

Кәусар Идаятқызы


Бөлісу

Аймақтық телеарналар