Экологиялық сенбілік
Біздің өңір өзен-көлдерге бай. Олардың көпшілігі туризмді дамытуда үлкен маңызға ие. Осындай көрікті жерлердің бірі – Ұлан ауданындағы Шыбындыкөл көлі. Көркем су айдынын қылқан жапырақты орман қоршап жатыр және ол жерге барып демалатындар саны жыл өткен сайын артып келеді. Табиғи аумақтың тазалығын сақтау мақсатында орман шаруашылығының қызметкерлері экологиялық сенбілік өткізді.
Шыбындыкөл көлі Өскемен қаласынан шамамен 90 шақырым жерде, Асу-Бұлақ орман шаруашылығы мемлекеттік орман қоры аумағында орналасқан. Су айдынын қылқан жапырақты орман қоршап жатыр. Көл өзінің көркем табиғатымен демалушыларды қызықтырады. Сонымен қатар мұнда балық аулауға да болады. Аумаққа келушілер саны әсіресе жаз айларында арта түседі. Сондықтан тазалықты сақтау және табиғи аймақтың ластануына жол бермеу аса маңызды.
Данияр Қанатбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
Қазақстанда бастау алған Таза Қазақстан акциясы бұл жерде де өткізіліп отырады. Бұл акция бойынша қазіргі уақытта «Мөлдір бұлақ», «Таза су айдындары», «Бұлақ көрсең көзін аш», ағаш отырғызу деген әртүрлі шаралар өткізіліп тұрады. Биыл да ол шарадан қалыс қалған жоқ. Бұл жерде жыл басынан бері қар жамылғысы кеткен уақыттан бастап, 20 мыңға жуық волонтер жұмылдырылып, 400 аса кісілер жұмылдырылып, 500 таяу кәсіпкерлер бизнес өкілдері біріктіріліп, осы облыс аумағында 30 тоннаға жуық қоқыс шығарылып отыр.
Мұндай табиғи аумақтарды сақтау тұрақты бақылауды қажет етеді. Шыбындыкөл орман қорының аумағында орналасқандықтан, қоршаған аумақтың жай-күйін орман шаруашылығының мамандары тұрақты түрде бақылауда ұстайды. Мұндағы мамандар тазалықты сақтаумен ғана шектелмейді, сонымен қатар су айдынына келушілер саны артқан кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Дамир Тоқанов, «Асу-Бұлақ орман шаруашылығы» КММ директоры:
Бүгінгі таңда тазалыққа 2 трактор прицебімен, 3 УАЗ, 22 адам қазіргі кезде тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Туристер келеді, демалушылар келеді соларға өртке қарсы жұмыстарын жүргізу, парақша беру және олар орындарынан кеткеннен кейін олар өздері де тазалап кетеді біздің қызметкерлер бәрібір де қадағалап өздерінің жұмыстарын жүргізеді.
Орман шаруашылығы мамандарының айтуынша, мұндай акциялар жыл сайын өткізіледі. Сондықтан қоршаған ортаны ластанудан қорғап, табиғатқа күтім жасау баршаға ортақ міндет.
Салтанат Кеңесбекқызы