Негізгі Жаңалықтар «FRAME FEST - 2026» фестивалі

«FRAME FEST - 2026» фестивалі

Өскеменде фотографтар мен суретшілердің басын қосқан «FRAME FEST - 2026» фестивалі өтті. Шығармашылық шараға қала тұрғындары белсенді қатысты. Фестиваль қонақтарына фотокөрмелер, авторлық бұйымдар мен түрлі шығармашылық жұмыстар ұсынылып, би баттлы ұйымдастырылды. 

«FRAME FEST» – фотоөнерді насихаттап, жергілікті шығармашылық өкілдеріне өз жұмыстарын таныстыруға мүмкіндік беретін қалалық фестиваль. Биылғы шараға фотографтар, суретшілер, креаторлар мен өнерге қызығушылық танытқан тұрғындар жиналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар шығармашылық орта қалыптастырып қана қоймай, жаңа есімдерді танытуға жол ашады. Әсіресе жас фотографтар үшін тәжірибе алмасып, кәсіби мамандармен пікірлесудің маңызы зор.

Болатбек Мамарбаев, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:

Бүгінгі фестивальға қатысушы адамдардың басым көпшілігі – балалар. Балалардың өзінің қаласына деген махаббаты, өнерге деген ұмтылысын көріп, көз қуанып жатқаны жасырын емес. 

Фестиваль бағдарламасы да мазмұнды. Қонақтар фотокөрмені тамашалап, фотоквест пен викторинаға қатысты. Ал әлеуметтік желіге контент жасайтын жастар үшін Reels байқауы ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, шығармашылық перформанс пен концерттік бағдарлама көрермен назарына ұсынылды.

Еркежан Камалбекова, «Жұлдыз» балалар өнер мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

Бізде қала күніне орай бояулар ойыны арт фестивалі өтуде. Соған біз «Жұлдыз» балалар өнер мектебінен өзіміздің сурет бөлімінен 30 оқушыны алып келдік. Олар міне әсем қаламыздың суретін салады өз көздерімен көрген және өздеріңіз көріп тұрғандай бұл оқушылардың туындылары дипломдық жұмыстары соларды көрмеге алып келдік. 

Фестивальге «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің жас суретшілері де қатысты. Олар қала күніне орай Өскеменнің көрікті жерлерін қағаз бетіне түсіріп, өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Жас қылқалам шеберлері үшін бұл шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, қалаға деген сүйіспеншілігін өнер арқылы жеткізудің мүмкіндігі болды. Солардың бірі – қаланың сәулет көркіне айналған, күмбезі көкке бой созған Халифа Алтай мешіті. Жас суретші мешіттің әсем келбетін қағаз бетіне түсіріп, туған қаласының көрікті нысанын өзіндік бояуымен жеткізді.

Шехназ Төкен, оқушы:

Қазір мен мешітті бейнелегім келеді. Ол өте әдемі,түнде де жарқырап тұрған жерлері өте әдемі. Неге екенін білмеймін, бүгін мешітті салдым. 

Фестивальге кіру тегін болды. Шығармашылыққа қызығушылық танытқан қала тұрғындары үшін бұл күн жаңа таныстыққа, тың идеяларға және өнерге басқа қырынан қарауға мүмкіндік берді.

Аяулым Усинова

Бөлісу

Аймақтық телеарналар