Негізгі Жаңалықтар Ашық терезе – балаға қауіп

Ашық терезе – балаға қауіп

Өскеменде жыл басынан бері балалардың терезеден құлауына қатысты 5 дерек тіркелді. Бір сәттік немқұрайлылық қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Мамандар ата-аналарға балаларын терезе маңында қараусыз қалдырмауды ескертеді. Қарапайым сақтық шаралары қайғылы оқиғаның алдын алуға мүмкіндік береді.

Терезеден құлау – балалар арасындағы тұрмыстық жарақаттың ең қауіпті түрлерінің бірі. Әсіресе мектепке дейінгі жастағы бала айналасындағы қауіпті толық бағдарлай алмайды. Терезе алдына қойылған орындық, үстел немесе басқа да жиһаз баланың биікке оңай көтерілуіне жағдай жасауы мүмкін. Сондықтан сақтық шараларын үнімі қаперде ұстау қажет.

Әсем Сейлхан, Өскемен қ. ПБ қоғамдық қауіпсіздік бөлімі ювеналды полиция тобының кәмелеттік жасқа толмағандар ісі бойынша аға учаскелік полиция инспекторы:

Көбінесе 2 жастан 7 жасқа дейінгі балалар осындай қауіпке жиі ұшырап жатады. Себебі бұл жаста балалар қауіп-қатерді толықтай біле бермейді, сезіне алмайды. Ата-аналар ең бірінші балалардың қауіпсіздігі үшін қауіпсіздік қорғаныштарды бекіту, балаларды ата-аналардың қарауынсыз қалдырмау, москит торына сенбеу.

Осылайша бала бар үйде терезе қауіпсіздігіне ерекше мән берген жөн дейді мамандар. Терезе алдына жиһаз қоймау, арнайы қорғаныш бекіткіштерін орнату және баланы ашық терезе маңында жалғыз қалдырмау — қайғылы жағдайдың алдын алатын қарапайым талаптар.

Балалардың терезеден құлауына жол бермеу үшін Өскеменде қауіпсіздікке арналған қысқаметражды мультфильм таныстырылды. Туындыны Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы бірлесіп әзірлеген. Жаңа мультфильмде терезеден құлау қаупі және одан сақтану жолдары балаға түсінікті тілмен көрсетіледі. Қысқа әрі мазмұнды сюжет арқылы бүлдіршіндерге қауіпсіздік ережесін үйрету көзделген. Анимациялық туынды алғаш рет Өскемендегі кинотеатрлардың бірінде фильм көрсетілімінің алдында көпшілік назарына ұсынылды. Енді құтқарушылар оны балабақшалар мен мектептерде көрсетуді жоспарлап отыр.

Марина Лискова, ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы:

Фильм балалардың ғана емес, ата-аналардың да назарын аударатын форматта түсірілген. Бұл тақырыптың қозғалуы да кездейсоқ емес. Алдағы уақытта Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бұл қысқаметражды мультфильмді білім беру нысандарында, балабақшалар мен мектептерде көрсетуді жоспарлап отыр. Мақсат – мүмкіндігінше көп бала мен ата-анаға қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызын түсіндіру және балалардың жарақаттануының алдын алу.

Балалардың қауіпсіздігі – әр ата-ананың басты міндеті. Терезені қараусыз ашық қалдырмай, қарапайым сақтық шараларын сақтау – қайғылы жағдайдың алдын алудың ең тиімді жолы.

Аяулым Усинова

Бөлісу

Аймақтық телеарналар